Елде міндетті бейнебақылау ережелері қабылданды

Елімізде құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшесінде бейнебақылау жүйеcінің жұмыс істеу қағидасы бекіді, деп хабарлайды BAQ.KZ Atameken Business-ке сілтеме жасап.

Енді бейнебақылау жүйелерімен жеке гигиена орындарын қоспағанда барлық тергеу кабинеттері қамтылмақ. Бас прокуратура қабылданған Қағидалар Мемлекет басшысының 2020-шы жылғы 1-ші қыркүйектегі «жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген. Онда арнайы кабинеттер стандарт бойынша бейнебақылау камераларымен жасақталуы тиіс. Ал азаматтың ұсталғаны туралы дерек тез арада оның туыстарына хабарлануы қажет. Олардың байланыс мәліметтері хаттамада көрсетіледі.

Нақты уақыт режимінде бейнежазбаларды қашықтан қарауға және бұзушылықтардың жолын кесу жөнінде жедел шаралар қабылдауға құқығы бар адамдардың тізбесі қалыптастырылды. Бұл шаралар Қазақстан ратификациялаған азаптауға қарсы халықаралық актілерге сай келеді және тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін болдырмауға бағытталған, – дейді ҚР Бас прокуратурасы.

Айта кетейік, бұл бейнежазбаларды адвокаттар, жәбірленушілер, күдіктілер, айыпталушылар, сот және басқа органдар дәлел ретінде пайдалана алады. Ал, бейнебақылау жүйелерінің жарамдылық жай-күйін қамтамасыз ету мен бейнеархивтің сақталуына мекеме басшылары тікелей жауапты болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: uralskweek.kz
Өзгелердің жаңалығы