Елде кеме командирінің дипломын алу жеңілдей түсті
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жетілдіруді жалғастырып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, «Кемелердің командалық құрамының тұлғаларына диплом беру» мемлекеттік қызметіне өзгерістер енгізілді.
Бұған дейін бұл дипломды алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жеке бөлімшесіне өтініш жіберу қажет еді. Үміткерлердің білімін бағалау біліктілік комиссиясының алдында дәстүрлі форматтағы емтихан арқылы жүргізіліп, қызмет көрсету уақыты 22 жұмыс күніне жалғасатын. Енді аталған мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, оны алу рәсімі оңтайландырылды, - делінген ИИДМ таратқан хабарламада.
Мәселен, кеме экипаждарына арналған емтихан енді тестілеу түрінде өткізіліп, оған өтініш eGov порталы арқылы жолданады. Тестілеуді тапсыру кезіндегі сұрақтар 20-дан аспайды. Сонымен қатар тестілеудің уақыты қысқартылып, 40 минуттан тұратын болды.
Емтихан мемлекеттік корпорацияның (ХҚКО) ғимаратында өткізіледі. Тестілеуден сүрінбей өту үшін сұрақтардың жауабы 80%-ға дұрыс болуға тиіс.
Кәсіби диплом 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей табысталады. Ал оның көшірме нұсқасын беру уақыты - 2 жұмыс күні. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетілетінін еске сала кетейік.