Елде барлық карантиндік шектеу алынды – ДСМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда елдің барлық өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. 

Тәулігіне коронавирус инфекциясымен шамамен оншақты жағдайы тіркеледі, науқастардың 98%-дан астамы сауығып кетіп жатыр. Республиканың инфекциялық стационарларында 2020 жылы коронавирусқа шалдыққан 79 359 науқас (35108 КВИ+, 44241 КВИ-), 2021 жылы 416 674 пациент (220 645 КВИ+, 196029 КВИ-) емделіп шықты. Сонымен қатар биыл 1 қаңтар мен 30 наурыз аралығында 43 257 адам қауіпті індеттен (26 427 КВИ+, 16830 КВИ-) жазылды. COVID-19 жұқтырғандардың ішінде реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 2020 жылы - 7052,  2021 – 31 324, ал 2022 жылдың басынан бері 3698 адам ем қабылдады, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сондай-ақ министр биыл 24 қаңтарда Ведомствоаралық комиссияның отырысында карантиндік шараларды жеңілдету тәсілдері қаралып, мақұлданғанын алға тартты. 

Қазір елде барлық шектеу шаралары алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша соңғы аптада бүкіл әлемде ауру 12%-ға төмендеді, бірақ аурудың өсуі Америка және Африка өңірлерінде байқалады. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Алайда әлемнің 97 елінде сырқат танушылықтың өсуі байқалады. Мәселен, соңғы аптада Арменияда сырқаттанушылық 217%-ға, Венгрияда 209%-ға, Біріккен Араб Әмірлігінде 55%-ға, Жапонияда 54% - ға, Сингапурда 37%-ға, Израильде 15%-ға, Түркияда 12%-ға өсті, - деді Ажар Ғиният. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы