Елде 654 ескі вагон жолаушы тасымалдап жүр
Ел аумағында қатынап жүрген 654 вагонның (32%) қолдану мерзімі 20 жыл және одан жоғары. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде бізде қолданыста 2098 вагон бар. Біздің ескі вагондарға жиі-жиі сын айтылады, біз оны қабылдаймыз. Қатынап жүрген 654 вагонның (32%) қолдану мерзімі 20 жыл және одан жоғары. Бұл - ескі вагондар. Өткен жылы 256 ескі вагонды істен шығардық. Соңғы 10 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі 50%-ға жаңартылды. Қауіпсіздік, жайлылық және экология талаптарына сәйкес заманауи халықаралық талаптарға жауап беретін 1200-ден астам вагон сатып алынды, - деді Жәнібек Тайжанов елордада жаңа вагондарды таныстыру барысында.
Сондай-ақ спикер Үкіметтің қолдауымен жыл сайын пойыз вагондары жаңартылып жатқанын айтты.
Қазір 654 ескі вагон бар. Олар әр бағытта қатынайды. Қалған вагондар бойынша 52% - бұл шамамен 1100 вагон 11 жылға дейін қолданылып келе жатыр. Қалған бөлігінің пайдаланылған мерзімі - 11-20 аралығында, - дейді ол.
Оның айтуынша, істен шыққан вагондардың пайдалану мерзімі 40 жыл және одан да көп болған.