Елде 200-ден астам ауылда аурухана жоқ - Ажар Ғиният
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде проблемалық мәселелер бар.
Елді мекендерде 67 мыңнан астам медициналық қызметкер қызмет атқарады, оның ішінде 13 мыңнан астам дәрігерлер, 54 мың орта медицина қызметкерлері бар. 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық нысандар жоқ, бұл – өзекті мәселе. Бұдан басқа, ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының медициналық инфрақұрылымының 50%-дан астамы тозған,- деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар еліміздің бас дәрігері ауылдық жерлерде медицина мекемелерінің неліктен жабылып қалғанын түсіндірді.
Денсаулық сақтау саласын реформалау жылдарында ауылдарда ауруханалар жабылып, кереуеттер қысқарды. Соған байланысты ауылдарда медицина мамандарының саны азая бастады. Бүгінде ауылда кадр тапшылығы сақталуда. Биыл жыл басында ол шамамен 1 мың маманды құрады. Оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекте – 727 бірлік, стационарда – 320 бірлікке тең. Сондай-ақ ауылдық жерлерде профилактика, аурудың алдын алу, динамикалық бақылау сапасы төмен, созылмалы аурулары бар пациенттерге консультациялық-диагностикалық қызметтер, дәрі-дәрмек қолжетімділігі аз. Бұл өз кезегінде халық денсаулығының кейбір көрсеткіштеріне теріс әсер етеді, - деді министр.