Елде 1,5 млн теңге жалақыны қанша адам алады

Ұлттық статистика бюросы 2023 жылғы сәуірде қызметкерлердің санын есептелген жалақы мөлшеріне бөлу бойынша жыл сайынғы зерттеу жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зерттеуде 2023 жылдың сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер қамтылды. Зерттеуге барлық ірі кәсіпорындар және кейіннен бас жиынтыққа таратыла отырып, орта және шағын кәсіпорындардан ішінара 30% іріктеліп қатысты. Зерттеуде барлық қосымша ақыны, үстемеақыны, сыйақыны, салық пен зейнетақы аударымын ескере отырып, 2023 жылғы сәуір айы үшін нақты есептелген жалақы туралы деректер пайдаланылды. Қызметкерлерді жұмысшылардың негізгі кәсіптері мен қызметшілердің лауазымдары бойынша бөлу Ұлттық кәсіптер сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылды.

Зерттеу қорытындысы бойынша кәсіпорындар мен ұйымдардың көрсетілген тобы бойынша 2023 жылғы сәуірде толық жұмыс істеген қызметкерлер саны 3 437,3 мың адам, оның ішінде ерлер (1 683,8 мың адамды) 49%, әйелдер (1 753,5 мың адамды) – 51%.

Қызметкерлердің жалпы санынан орташа айлық жалақы – 70 000 теңгені қызметкерлердің 1,5% алады, 70 000-нан 150 000 теңгеге дейін – 22,8%, 150 000-нан 300 000 теңгеге дейін – 36,2%, 300 000-нан 600 000 теңгеге дейін – 30,8%, 600 000-нан 900 000 теңгеге дейін – 5,5%, 900 000-нан 1 200 000 теңгеге дейін – 1,7%, 1 200 000 теңгеден 1 500 000 теңгеге дейін – 0,6%, 1 500 000 теңгеден жоғары жалақыны қызмектерлердің 0,9% алды, - делінген Ұлттық статисика бюросы таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, бюро қызметкерлердің жалақының медианалық мәнін есептеді, 2023 жылы оның мөлшері 251 356 теңгені құрады (2022ж. – 204 149тг ). Айта кету керек, медиана – бұл барлық жалақы мөлшерін өсу ретімен орналастырғандағы тізімнің орталық мәні, нәтижесінде барлық жұмысшының жартысы одан көп, ал екінші жартысы одан аз алады деген сөз.

Бұдан басқа, қызметкерлер жалақысының модальді мәні – 81 377 теңге. Бұл жұмысшылар арасында неғұрлым жиі кездесетін жалақы мөлшері.

Орташа айлық жалақының дифференциациясының децильдік коэффициенті 6,0 болды.

Орта білімі бар қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 230 841 теңгені, жоғары білімі барларда – 398 214 теңгені және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлардікі 505 170 теңге. Қызметкерлер жасы бөлінісінде 16 жастан 24 жасқа дейінгілердің орташа айлық жалақысы 223 165 теңгені, 25-тен 28 жасқа дейін – 284 278 теңгені, 29-дан 34 жасқа дейін 324 276 теңгені, 35-тен 44 жасқа дейін 356 082 теңгені, 45-тен 54 жасқа дейін 330 626 теңгені, 55-тен 64 жасқа дейін 305 319 теңгені, 65-тен жоғарылардікі – 284 378 теңге.

Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда

Ұлттық кәсіптер сыныптауышы – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің 2017 жылғы 11 мамырдағы № 130-од бұйрығымен бекітілген және қолданысқа енгізілген.

Дифференциацияның децилдік коэффициенті – ең жоғары жалақы алатын қызметкерлердің 10 пайызының ең аз деген жалақы мөлшері мен ең төменгі жалақы алатындардың 10 пайызының максималды жалақысынан неше есе жоғары екенін көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы