Елбасыны балағаттаған қарағандылыққа үкім шықты

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізді деген айыппен сәуір айында қамауға алынған Арман Хасеновті шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.

Хасенов Арман Қайратұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 373-бабы, 2-б. көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, оған осы бап бойынша үш жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын. 3 жылдық мерзімге пробациялық бақылау орнатылсын. ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабы 1-б. сай, Хасенов Арман Қайратұлы жазасын өтеу мерзімінде жергілікті атқару органдары белгілейтін жылына 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылсын, - делінеді Қарағандының Қазыбек би аудандық сотының үкімінде.
Сонымен қатар, Хасеновтен сот шығындарын өтеу үшін және жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорының пайдасына 15 АЕК (41 670 теңге) өндіріледі.

Үкім мәтінінде Хасеновтің өз айыбын мойындағаны және істеген ісіне өкінетіні айтылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы