«Елбасы жылуы» қайырымдылық жобасы жалғасуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел аймақтарында «Елбасы жылуы» атты кең ауқымды қайырымдылық жобасы жалғасып жатыр. Халықтың зор ықыласына бөленген игі шара Елбасының бастамасымен ұйымдастырылды.
Бұл жолы жоба Тараз, Талдықорған, Орал қалаларында, сондай-ақ, Алматы және Ақмола облыстарында тұратын 1 000 отбасыны қамтиды.
Басты назарда – аз қамтылған көпбалалы отбасылар және ерекше күтімді қажет ететін балалары бар жанұялар. Іс-шара аясында мұқтаж отбасыларға ұн, картоп, жеміс, күріш, қарақұмық, шәй, қант, күнбағыс майы сияқты азық-түлік пен гигиеналық заттар беріледі. Қайырымдылық шарасына іліккен әр отбасы 130 килограмға дейін тауар алады.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар қажет тауарларды Ақмола, Алматы облыстарының аз қамтылған тұрғындарына және Тараз, Талдықорған қалаларында тұратын әл-ауқаты төмен жандарға жеткізіп үлгерді.
Мереке қарсаңында осындай пайдалы әрі қажетті сыйлықтарға ие болғандар өз қуаныштарын жасырмады. Өңір тұрғындары акцияның ұйымдастырушылары – Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Дегдар» қайырымдылық қорына шынайы алғыстарын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы мемлекетпен қатар қоғамдық ұйымдардың жұмысы да белгілі бір дәрежеде халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосу тиіс деп санайды.
Короновирус пандемиясы кезінде көп адамдар жұмыстарынан айырылып қалды. Көп отбасылардың жалақасы белгілі бір мөлшерде қысқарып, бұл жағдай олардың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер етті. Осы орайда біз «Елбасы жылуы» идеясын қолға алып, оны қарқынды жүзеге асырудамыз. Бұл қайырымдылық іс-шара шілденің 10-15 дейін жалғасын табады. Елбасының өзі де бұл қозғалыстың бастауына батасын берген еді. Бұл жұмыс енді тоқтамай, жалғаса беру керек. Өйткені бұл жоба адамдарға сенім ұялатып қана қоймай, олардың рухын көтеріп, қоғамның қамқорлығын сезінуге мүмкіндік береді,- деп мәлімдеді ол.
«Дегдар» қорының директоры Лаура Ахметова мәлімдегендей, «Елбасы жылуы» жобасының әлеуметтік мән-маңызы зор.
Жалпы, бұл акция екінші рет өткізіліп жатыр, алғаш рет жоба осы жылдың сәуірінде ұйымдастырылған еді. Осы уақыт аралығында біз бұл жобаның қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткіздік. Халқымыз өзара көмек беруге, қажет кезде қол ұшын созуға қашанда дайын. Бұл игі дәстүр халқымыздың бойындағы – асыл қасиеттердің бірі. Осы құндылықтардың негізінде «Елбасы жылуы» жобасы дүниеге келді. Бұл бастама өзге ұйымдарға және барша қазақстандықтарға жарқын үлгі болып, міндетті түрде жалғасын табады деп сенемін. Біз әрдайым қамқорлыққа мұқтаж, жүрек жылуына зәру жандарға көмектесуга дайынбыз,- деп жеткізді Лаура Ахметова.
Еске салсақ, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға таратылатын азық-түлік тауарларының жалпы салмағы – 120 тонна. Ауқымдылығы жағынан теңдесі жоқ акция әлі де жалғасуда. Іс-шараның ұйымдастырушылары – Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Дегдар» қайырымдылық қоры, сондай-ақ жобаға LIDER KZ волонтерлік қозғалысының мүшелері атсалысуда.