Елбасы және спорт
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше көңіл бөлетін саланың бірі спорт. Елбасының қолдауымен Қазақстан дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары, Азия ойындарын және олимпиадалық спорт түрлерінен бірнеше әлем чемпионаттарын өткізді.
Еркін күрестен спорт шебері
Елбасы еркін күрестен спорт шебері. Күрестің бұл түрімен Украинада жүріп айналысқан. Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясына Украинадан Елбасының алғашқы жаттықтырушысы Лев Ежевский келді.
«1958 жылы біздің Днепродзержинск қаласына Қазақстаннан бір топ жас жігіттер оқуға келген. Олар №8 техучилищеде оқыды. Олар өздерінің кәсіптерін меңгеріп жүргенімен, спортқа да уақыт бөлді. Жігіттер секцияларды таңдап, тарап кетті, яғни біреулері волейбол, баскетболға барса, қалғандары күреске мойын бұрды. Сол кезде спортклубта бапкер ретінде жұмыс істеп жүрген едім. Жаттығу шараларын байқап көргеннен кейін, маған бір жігіт күреспен айналасуға ниетті екенін жеткізді. Мен одан аты-жөнін сұрадым. «Атым – Нұрсұлтан, фамилиям – Назарбаев, күреске әкемнің үйреткені бар…» деп жауап берді. «Олай болса шешін, көрейік» деп, залда жаттығып жүрген Коля Литошконы шақырып, «Мына жігітті байқайықшы, біраз жұлқылап көрші» деп күрестіріп жібердім. Сол-ақ екен, өзім үлкен үміт артып жүрген Литошкомды Нұрсұлтан шалт қимылымен шалып түсірді. Бәріміз үн-түнсіз қалдық. Содан бері Назарбаев нағыз балуандықты меңгере бастады», - дейді Лев Ежевский.
Оның айтуынша, сол кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев жаттығулардан қалмай, тұрақты түрде келіп тұрғанын атап өтті.
«Жаттығуларда ерінбейтін, жеңіске деген жігері көрініп тұратын. «Ол қайсар әрі батыл болды. Біраздан кейін жарыстарға да қатыса бастады. Күрестен жақсы жетістіктерді танытып, жүлделі орындардан көрінді. Мысалы, 1959 жылы ол ВЦСПС, яғни Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы болды. Ол кезде мұндай жарыстың жеңімпаздарына спорт шебері атағы берілетін. Осылайша, Назарбаев спорт шебері нормативін орындаған болатын. Алайда оның кететін уақыты да жетті. Менен «Егер ол сол кезде кетпесе, кім болар еді?» деп сұрап жататындар бар. Мен өз кезегімде: «Ол міндетті түрде әлем чемпионы болар еді» деп жауап қайырамын», - деді бапкер.
Үлкен тенниске қызығушылығы
Елбасы қазірдің өзіңде бірнеше спортпен айналысады. Соның ішінде үлкен тенниске деген қызығушылығы өте жоғары. Әлемдегі ең қымбат спорт түрінің бірі саналатын үлкен тенниспен Нұрсұлтан Назарбаев 40 жастан асқаннан кейін шұғылданған. Өз кезінде лайықты әріптесінің бірі Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцин болды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев матчтарға жиі қатысып, өзінің тамаша бабында екенін көрсетіп қана қоймай, жаңа бастаған теннисшілерге шеберлік дәрісін де өткізіп тұрады.
2014 жылы Қазақстанға әлемдік теннис жұлдыздары Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонга келіп кетті. Екеуі жас теннисшілерге шеберлік сағатын өткізіп, өзара жолдастық ойынға қатысты. Матчтан кейін Надаль Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің ракеткасын сыйға тартты.
«Теннис – менің ең сүйікті спортым. Кезінде өте қатты қызықтым, айналысып көрдім. Үнемі білімді, салауатты өмір салтын ұстанатын адам ғана жетістікке жетеді деп айтып отырамын. Сондықтан жастар спортпен айналысуы қажет», – деген болатын Елбасы Қостанайдағы теннис корты ашылғанда.
Айтпақшы, Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ойнағанын айтып қалды.
«ТМД елдері президенттерінің барлығымен теннис ойнап көрдім. Назарбаевтың техникалық шеберлігі керемет. Сегіз ай бұрын бір кортта кездескенбіз», – деген еді Тарпищев 2018 жылдың желтоқсан айында.
Ер қанаты – ат
Қазақта «Ер қанаты – ат» деген мақал бар. Бұл сөзді Елбасы ешқашан жадынан шығарған емес. Жылқыға құмарлық қазақтың қанында бар. Ат жалын тартып мінер жасқа жеткенде тоқымқағарын жасап, тойын қылған.
«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да атқа міну мәдениетін сөз еткен.
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі. Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз», – делінген мақаласында.
Осыдан-ақ Елбасының жылқыға, ат спортына деген қызығушылығын байқауға болады.
Елбасының қамқорлығымен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ат спортынан Президент кубогы және өзге де ірі турнирлер өтіп тұрады.
Назарбаев қызығатын өзге спорт түрлері
Нұрсұлтан Әбішұлы шаңғы спортын да жақсы көреді. Әсіресе, тау шаңғысына қатты қызығады. Шымбұлаққа жиі барып тұрады. Елбасы тауда шаңғыны алғаш рет 55 жасында тепкенін айтады. Бірақ соған қарамастан тез үйреніп алған. Елбасы шаңғы спортына қызығушылық танытқан кезде, тау шаңғы курорты болмаған. Ал қазір керісінше. Барлық жағдай жасалған, бірақ адам саны аз.
Тау шаңғысынан бөлек, гольф, волейбол, футбол, велоспорт бар. Мысалы, гольф – ТМД аумағында аса танымал спорт түріне жата қоймайды. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанда қызығушылықтың артып келе жатқаны рас. Елбасы гольфтан Астана кубогы үшін өтетін турнирлерге барып тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын берген сұқбатында Ахмет Есімов, Нұртай Әбіқаев, Тимур Құлыбаев, Зейнулла Кәкімжанов секілді белгілі азаматтармен гольф ойнап тұратынын айтқан еді.
«Мен гольфпен айналысқанша бұлардың ешқайсысы бұрын-сонды ойнап көрмеген. Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын теннисте де солай болған», – дейді Нұр-Сұлтан Назарбаев.
Волейболды Нұрсұлтан Назарбаев жас кезінде ойнаған. Бұл спорт түрінің тағдыры Елбасын әлі де толғантады. Мысалы, президент болып тұрған кезінде 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында волейболшы Сабина Алтынбековамен кездескен болатын. Сол кездесуде Елбасы еліміздегі волейбол спортының деңгейін көтеру қажет екенін айтқан еді.
Әлемдегі №1 спорт түріне Елбасы аса қатты қызығушылық танытпаса, үнемі қамқорлығын көрсетіп отырады. Қазақстан футбол федерациясының құрметті президенті. Бірнеше рет ұлттық құраманың ойындарын трибунадан тамашалаған еді. Сондай-ақ Қазақстан кубогы мен суперкубоктың финалдарында жеңімпаз команданы өзі марапаттаған болатын. Елбасының немересі Айсұлтан Назарбаев кезінде Англияның «Челси» және «Портсмут» командаларының жастар құрамасында ойнаған.
Велоспорттан «Астана» командасын әлем таниды. Винченцо Нибали, Альберто Контадор, Лэнс Армстронг, Александр Винокуров секілді атақты шабандоздар өнер көрсеткен. «Тур де франс», «Джиро д’Италия», «Вуэльта» сияқты көпкүндіктерді жеңген болатынбыз. Елбасы телеарнадан үнемі «Астананың» маңызды жарыстарын тамашалап, қолдау көрсетіп отырады.
Бұқаралық спортпен айналысатындардың санын 30%-ға жеткізу
Елбасы өзінің 2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялаған жолдауында бұқаралық спортпен айналысатындардың санын 2020 жылға қарай 30%-ға жеткізуді тапсырған болатын.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2007 жылы дене шынықтырумен және спортпен айналысқан Қазақстан халқының саны 15%-ды құраған екен. Ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 21,6%-ға жетті.
Жақында ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2018 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын адам саны 30%-ды құрағанын айтты.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын адам саны 30%-ды құрады, яғни сандық көрсеткіште 5,5 млн адам. Бұл тұрғыда бұқаралық спортты дамыту бағытында 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 207 млн адамды қамтыған 27 мың спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Ауылдық жерде 1,1 млн адамды қамтыған 16 мың спорттық-бұқаралық іс шара өтті», – дейді министр.
«Challenge Другой ты!» акциясына қолдау танытты
Былтырғы жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Challenge Другой ты!» атты республикалық спорт шарасына қолдау көрсетіп, осы акцияның қатысушыларына бейнеүндеу де жолдады.
Бұл бастаманың мақсаты - еліміздің тұрғындары арасында дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттау болатын. Акция аясында отандық танымал спортшылардың, еліміздің мәдениет және масс-медиа өкілдерінің қатысуымен ашық жаттығулар өткізілді.
«Құрметті отандастар! Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау - саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алады. Бүкіл адамзатқа белгілі қағида - байлық та емес, мансап та емес. Бақыттың 90%-ы денсаулықта жатыр. Әрбір азамат «шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы берік ұстанғаны абзал. Мемлекет дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, спорт саласын дамытуға жағдай жасап келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Барлық облыста стадиондар жөнге келтірілді. Барлық облыста теннистік кордтарды салып жатырмыз. Қазір қалаларды аралап көрсеңіздер, әрбір ауданда, әрбір аулада, яғни барлық жерде кішкентай спорт алаңдары жасалып, сол жерде біздің жастарымыз денесін шынықтыруда», – деді Елбасы сол кездегі өзінің үндеуінде.
Азия ойындары мен Универсиада өткізді
Соңғы 10 жылдықта елімізде екі бірдей халықаралық ірі спорттық іс-шара өтті. 2011 жылы Астана мен Алматы қалалары VII қысқы Азиада ойындарын қабылдады.
VII Қысқы Азиада ойындарына әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыстардың бағдарламасына 11 спорт түрі енгізілді. Жалпы саны 69 медаль жиынтығы сарапқа салынып, бұл қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.
Қазақстан осы ойындарда қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді. Жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Жарыстың барысын шетелдік 2 мыңнан астам журналист, ғаламшардың 500 миллионнан астам тұрғыны тамашалады.
Азиаданың ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында өтті. Оған Халықаралық Олимпиада комитетінің және Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті қатысты.
Ал 2017 жылы Алматы қаласында дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын қабылдады. Салтанатты ашылу рәсімі жаңадан салынған 12 мыңға арналған «Алматы Арена» кешенінде өтті. Аталмыш доданы сол кезде Елбасы өзі ашып берген болатын.
«Бұл стадионда жер шарындағы жетекші жоғары оқу орындарының жүздеген өкілдері жиналып отыр. Сіздердің араларыңызда болашақ олимпиадашылар мен әлемдік сайыстардың жеңімпаздары бар. Сондай-ақ, өзінің мансабын келешекте экономикамен, саясатпен, бизнеспен байланыстыратындар да жоқ емес. Алматы қазірдің өзінде даусыз рекордтар көрсетіп отыр. Қысқы Универсиадалар тарихында алғаш рет мұнда Атлеттер қалашығы салынды. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады. Ареналар көпшілікті бұқаралық спортқа тартатын орталыққа айналады. Атлеттер қалашығы 1700-ден астам отбасыға арналған қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйі бар жаңа шағын ауданды құрайды. Универсиада әлемнің 80 мемлекетінде 43 телеарна арқылы көрсетіледі. Оның аудиториясы бір миллиардтан астам адамды қамтиды. Универсиаданың қанатын кеңге жайғанын, өзінің басталуының тарихи сәтіне дайын екенін көріп отырмыз, – деген болатын Елбасы.
Универсиада қорытындысы бойынша Қазақстан 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальмен жалпы есепте екінші орын алды.