Елбасы жүктеген тапсырмалар болашаққа жасалған нық қадам – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы үндеуіне қатысты мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өз ойын білдірді. Осы жолғы жайсыздықпен жайылған дерттің қыспағынан да мемлекеттің күші, халықтың бірлігінің арқасында құтылып шығатынымызға сенейік деді ол.

Елбасы өз мақаласында ғұлама Абайдың, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының, ұлт ұйтқысы, жұрт бірлігінің алтын қазығы болған дара данышпандарымыз – Әйтеке бидің, қаз дауысты Қазыбек би мен Төле бидің даналық сөздерін келтіре отырып, халықты осындай қиын кезде сабырлық сақтап, бірлікте болуға үндеді.

Бұл мақалада алты құрлықты әлекке салған, майдансыз жаудай жағадан алған қасіретті дертке ізгілікпен, шыдамдылықпен, ауызбіршілікпен, адамгершілік іс-әрекетпен жұдырықтай жұмылуға, бір білек, ақ тілекке ұйысуға шақырды.
Халқымыздың өткен ғасырдағы өміріне назар салып, көз жүгіртетін болсақ, бұдан да қиын, бұдан да үрейлі сәттерді басынан өткізгенін, талай қып-қызыл қырғыннан, қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан, соғыстан аман шыққанын тарих беттерінен оқығанбыз, - деді министр. 
Сол қиын сәттерді алдыңғы аға ұрпақ біледі, көз алдынан өткізді. Сын сағаттан алып шыққан бабаларымыздың береке-бірлігі болатын. Елбасымыз осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарды ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды.
Бұл тығырықтан шығуға мемлекет бар күшті іске қосқанын, бірде бір көмекке мұқтаж жан назардан тыс қалмайтынын президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада халыққа мәлімдемесінде айтып, дағдарыстан шығу жоспары қабылданды. Осы жоспардың іске асуына бар күш-жігерімізді салып, білім мен біліктілігімізді танытып, жедел әрі рет-ретімен жүзеге асыру біздің мемлекеттік қызметкер ретіндегі міндетіміз, - деді Ақтоты Райымқұлова. 

Пандемия мен жаһандық экономикадағы құбылыстар қос бүйірден қысқан тұста ортақ мақсатқа жұмылудың үлгісін көрсетіп, халықтың жанында болып, ақыл-кеңесін айтып жатқан Елбасына, бірлікке шақырған ақын-жазушыларға, әсіресе алдыңғы толқын абзал ағаларға, аталы сөзін, баталы тілегін арнаған барша Қазақстан халқына ұжымның атынан алғысымызды жеткізгім келеді. Сондай-ақ, осы күндері тікесінен тік тұрып, тынбай еңбек етіп жүрген денсаулық сақтау саласының мамандарына, күнді түнге жалғап қызмет етіп жатқан атқа мінер азаматтарға амандық тілейміз!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы