Елбасы тапсырмасы: ҰЭМ шағын және орта бизнестің үлесін арттырмақ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елімізде шағын және орта бизнестің үлесін арттыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.


Осы жылдың 30-қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің алдына бірқатар нақты міндеттер қойған.

Осы орайда Тимур Сүлейменов аталған міндеттерді орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі келесі жұмыстарды жүргізетінін айтты.

 «Біріншіден, министрлік шағын және орта бизнестің (ШОБ) экономикадағы үлесін ұлғайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Яғни өткен жылы заңнамалық деңгейде қабылданған реформаларды жергілікті деңгейде іске асыру арқылы бизнес үшін кедергілерді төмендету бойынша жұмыс жалғастырылады; Сондай-ақ бөлінген 600 млрд теңге бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі, агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеу, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басым жобаларын кредиттеу бойынша жұмыс іс жүзінде басталады», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған сомманың 100 млрд теңгесі шағын және орта бизнес жобаларына бағытталатады.

«Осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау қамтамасыз етіледі. «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде осы қаражаттан берілетін кредиттерді арзандату мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау 3 жылдық бюджетте көзделген. «Бизнестің жол картасы-2020» 2025 жылға дейін ұзарту шеңберінде қаржылық қолдау құралдарын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіледі», - деді Сүлейменов.

Сонымен қатар министр тиімділігі төмен кәсіпорындарды қолдаудан бас тарта отырып, жобалардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі басты назарда болатынын жеткізді.

«Қаржылық емес қолдау шаралары да жетілдірілетін болады. Атап айтқанда, оқыту бағдарламаларында бизнес үшін ИТ сервистерді және жаңа цифрлық шешімдерді қолдану бойынша мамандандырылған курстар енгізіледі», - деді ведомство басшысы.
Дәурен ЕРБОЛАТҰЛЫ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы