Оңтүстікке жасалған 36 сапар
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері Елбасымыз тарихи мекен қазіргі Түркістан облысына 36 рет ресми сапарлап келген. Оның 36-шы сапары жуырда 4-5 қараша күндері болып өтті.
Осымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні 9-жыл қатарынан атап өтілгелі отыр. Себебі, дәл осы күні еліміз Тәуелсіздігін алып, өз президентін бүкіл халық болып сайлаған болатын. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, 2011 жылы 10 желтоқсанда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға толықтырулар енгізіліп, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні етіп белгіленген еді. Аталған мерекенің маңыздылығы – Тәуелсіздікпен пара-пар, мағынасы тереңде жатқан айтулы күн.
Біз осы алда келе жатқан мерекенің құрметіне орай, Елбасымыздың бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі тарихи мекен Түркістан өңіріне жасаған сапарларына аздаған шолу жасап шықтық.
Айта кетейік, өткен жылы 19 маусым күні Оңтүстік Қазақстан облысының атауы өзгеріп, Түркістан атанды. Орталығы саналатын Шымкент қаласы өз алдына бөлек республикалық маңызы мегаполис атанып, еншісін алып шықты. Мұның бәрі де Қазақстан Республикасының қалыптасу жылдарындағы ірі тарихи шешімдер.
4-5 қараша күні Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі жарлық қойып, жаңадан облыс етіп құрған Түркістан өңіріне сапарлап келді. Бұл оның жалпы Тәуелсіздік алған жылдардан бергі 36-сапары.
Тұңғыш президент ең алдымен киелі Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтерген ғимараттармен танысты. Тұрғындармен жүздесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды. Елбасы тұрғындарға қаланы облыстың орталығы етуде Түркістанның түркі әлемінде маңызды орын алатынын, бауырлас түркі мемлекеттерінің де бұл шешімге қуанып, қолдайтынын айта кетті.
Жалпы облыстың жаңаша келбетін қалыптастыру үшін 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінде оның 102-сі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Елбасы осы сапарында Түркістанда алдағы уақытта бой көтеретін бірнеше саябақтың жобасымен, атап айтқанда Арбат, Президент саябағы, келушілерді өткен ғасырдың қойнауына жетелейтін «Күлтөбе қалашығы» саябағының жобасымен де танысты.
Ал 5 қараша күні Тұңғыш президент жаңадан салынған Неке сарайына барып, шаңырақ көтерген жас жұбайларды құттықтап, оларға тату-тәтті бақытты ғұмыр тіледі.
Бұдан соң Елбасы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, орталықтың автоматтандырылған жұмысы мен "бір терезе" қағидасының қызметін өз көзімен көрді. Жаңадан ашылған музыка мектебінде балалар Тұңғыш Президентке арнап түрлі музыкалық қойылымдарды тарту етті. Елбасы жаңадан бой көтерген БАҚ өкілдерінің ордасы "Алатау медиа-орталығына" да бас сұқты.
Осы ғимаратта Елбасы киелі өңірде жүріп жатқан құрылыс бір кездері басталған Нұр-Сұлтан қаласының тарихын еске салғанын және еліміздің оңтүстігінде де тағы бір жаңадан әсем шаһардың бой көтеріп келе жатқанын баяндады. Тұңғыш президент әкімшілік-іскерлік орталықта да болып қайтты.
Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратында қаланың рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмыстарымен, туризмді дамыту, су жүргізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, "Түркістан" халықаралық әуежайы мен 600 орындық көпбейінді аурухананың жобаларымен танысты.
Түркістанда саммит өтуі мүмкін 29 жыл ішінде Елбасы Түркістан өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол оңтүстікке жасаған 36-сапарында көршілес елдер Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанның президенттерін саммитке шақырғалы отырғанын жеткізді. Егер олар қатысуды растайтын болса, үлкен басқосуды осы Түркістан қаласында өткізбек болып отырған жоспары барын айтты.
Сонымен, Елбасының Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы Оңтүстікке жасаған сапары:
1. ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев ең алғаш 1992 жылы Шымкент қаласына келген. Онда "Қазақиталқаракөл" кәсіпорнындағы қаракөл
өндірісімен және қаракөлден жасалған бұйымдармен танысты.
2. 10 сәуір, 1993 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Өзал Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде кездесті. Бауырлас елдің басшылары ХҚТУ профессорлары атанды.
3. Елбасы 27 мамыр, 1993 жылы Сайрам, Алғабас аудандары мен Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарда болды.
4. 13-14 сәуір, 1995 жылы Шымкент қаласында Н.Назарбев «Көкмардан» шаруашылық қауымдастығының еңбеккерлерімен кездесті.
5. 17 маусым, 1995 жылы Түркия президенті С.Демирел мен ҚР президенті Н.Назарбаев Ясауи кесенесінде, түркі жұртының түп қазығы қағылған жерде кездесті.
6. 22-23 қазан, 1996 жылы Шымкент қаласы мен бірқатар аудандардың тыныс-тіршілігімен танысты.
7. 18 қыркүйек, 1997 жылы Шымкент қаласындағы жекеменшік "Сайдығани және Ш" шағын кәсіпорнында болды.
8. 1 сәуір, 1998 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқу ғимараттарында болды.
9. 31 қазан, 1998 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне келді.
10. 21 сәуір, 2000 жылы Сарыағаш ауданында болды.
11. 19-21 қазан, 2000 жылы Түркістан қаласында Юнеско деңгейінде дүбірлі той аталып өтті.
12. 1 қараша, 2001 жылы Мырзашөл өңірін Шымкент қаласымен тікелей жалғайтын стратегиялық мәні бар алып көпірдің ашылу салтанатына қатысты.
13. 22-24 қазан, 2002 жылы Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайына қатысты.
14. 23 қазан, 2003 жылы Шымкент қаласындағы әмбебап мәдени-спорттық кешеннің ашылу салтанатына қатысты.
15. 18-19 қазан, 2004 жылы Шымкент қаласына іссапармен келді.
16. 8-9 қыркүйек, 2005 жылы Шымкентте "Қазақ-орыс тоқыма альянсы" бірлескен кәсіпорнының жұмысымен танысты.
17. 2006 жылы БАӘ президенті Халифа бен Зайд аль Нахаянмен Шымкент қаласында кездесті.
18. 28 сәуір - 1 мамыр, 2007 жылы Шымкент қаласындағы "Нұрсәт" шағын ауданында болды.
19. 24-26 маусым, 2008 жылы Сарыағаш ауданына арнайы келіп, Қызыләскер ауылы тұрғындарына тұрғын үй кілтін табыстады.
20. 6-11 қараша, 2008 жылы Шымкент қаласындағы қан орталығының жұмысымен танысты.
21. 22 қыркүйек, 2009 жылы Шымкент қаласында кардиохирургиялық бөлімшенің ашылу салтанатына қатысты.
22. 18-20 наурыз, 2010 жылы оңтүстіктегі ең ауқымды жоба Көксарай су реттегішін іске қосты.
23. 23 мамыр, 2010 жылы Түркия мемлекетінің президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Бауырлас елдердің басшылары ХҚТУ-дің салынатын жаңа ғимаратына капсулалар салды.
24. 28 қыркүйек, 2010 жылы Шымкенттің "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында орналасқан "Хлопкопромцеллюлоз" ЖШС кәсіпорнын аралап көрді.
25. 11 наурыз, 2011 жылы Түркістан қаласына барып, Ясауи кесенесіне құран бағыштады.
26. 13 Қазан, 2011 жылы Шымкент қаласының орталық бөлігінде орналасқан "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл" саябағының ашылу салтанатына қатысты.
27. 16 қыркүйек, 2013 жылы Шымкент қаласының Нұрсәт ауданында салынып жатқан жаңа Әкімшілік іскерлік орталығынының құрылыс
жұмысымен танысты.
28. 17 мамыр, 2014 жылы облыстағы бірқатар нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
29. 4 желтоқсан, 2014 жылы Шымкент қаласындағы "Түркістан" салтанат сарайында болып, өнер ұжымының концерттік бағдарламасымен танысты.
30. 26 наурыз, 2015 жылы Ордабасы ауданындағы "Аделя" шаруа қожалығының жылыжай кешенінде болды.
31. Сәуір айы 2015 жылы Түркия президентімен Елбасы этномұражайда, Түркістан қаласы Ердоған Елбасының еңбегін ерекше бағалады.
32. 22 сәуір, 2016 жылы Шымкенттегі "Azala Textile" тоқыма фабрикасы ЖШС-нің жұмысымен танысты.
33. 27 сәуір, 2017 жылы Шымкент қаласындағы "Қазақстан Халқы Ассамблеясы" ғимаратының алдынан бой көтерген "Қазақ еліне мың
алғыс!" монументінің ашылу салтанатына қатысты.
34. 29 сәуір, 2017 жылы Елбасы оңтүстікте Өзбекстан Президенті Ш.Мирзеевпен кездесті.
35. 28-29 қыркүйек, 2018 жылы Түркістан қаласы облыс орталығы дәрежесіне ие болғаннан кейінгі оңтүстікке сапарлап келді.
36. 4-5 қараша, 2019 жылы Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтерген ғимараттармен танысты.
Осы ретте айта кететін жайт, хроника бойынша Елбасы Түркістан қаласына ресми сапармен 9 рет келген.