Елбасы – Қазақстанның сыртқы саяси бағдарының архитекторы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Лидия Пархомчиктің пікірі.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзін халықаралық қоғамдастықтың белсенді және жауапты қатысушысы ретінде көрсетті. Көпвекторлық, прагматизм және белсенді болу әрқашан қазақстандық сыртқы саясаттың принципті негізін құрады. Республиканың сыртқы бірегей саяси бағытының авторы Нұрсұлтан Назарбаев екені даусыз. ҚР Тұңғыш Президентінің көрнекті қасиеттері, оның саяси көрегендігі мен жаңашылдығы Қазақстанның геосаяси және экономикалық мүддесін дәйекті түрде қорғап қана қоймай, бүкіл өңірдің бейбіт дамуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді, - дейді ол.

Сарапшы еліміздің тарихи қалыптасуының ең қиын кезеңінде Елбасы дамудың қазақстандық моделінің берік іргетасын қалағанын айтады. Оның айтуынша, жаңа вектордың басты негізі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бітімгершілік, өңірлік интеграциялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша ашық диалог болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың наурыз айында бекіткен ҚР сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған жаңартылған тұжырымдамасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті курсының сабақтастығын бекемдейтіні кездейсоқ емес. Бұл шешім, әрине, жалғыз дұрыс шешім болды, өйткені тіпті бірнеше онжылдықтан кейін де Елбасының сыртқы саяси бастамаларының өзектілігі арта түсуде. Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген стратегиялық бағыт табысты және баламасыз болып қала береді, - деді Пархомчик.

Оның ойынша, Елбасының басшылығымен Қазақстан әлемге жаһандық қауіпсіздік жүйесін құруға қатысты мүлдем жаңа тәсіл ұсынды.

Ядролық арсеналдан бас тарту республикаға антиядролық қозғалыстың көшбасшысы мәртебесін мәңгілікке бекіткен теңдессіз қадам болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың батылдығының арқасында ядролық ынтымақтастықтың жаһандық архитектурасында тектоникалық жылжу орын алды. Стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қару-жарақты бақылау проблемасының маңыздылығын қайта бағалау қиын. Халықаралық қауіпсіздік жүйесі негіздерінің заманауы түрде теңдестірілуі Еуразияның саяси кеңістігін милитаризациялау тәуекелдерін арттырады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті ядролық қаруды қолданудан толық бас тарту қажеттігіне деген өзінің сенімін "Әлем. ХХІ ғасыр" манифестінде белгілеп берді. Ядролық қаруды таратпау мәселелерінде Нұрсұлтан Назарбаев сөзсіз халықаралық беделге ие. Бұл бағыттағы тынымсыз жұмыс 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанды таңдауда маңызды құраушы болды, - дейді сарапшы.

Лидия Пархомчик өзінің президенттік кезеңінде Елбасы превентивті дипломатияның дәйекті және шешуші жақтаушысы болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ынтымақтастық қағидаттарын алға жылжыта отырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттер арасындағы сенімсіздік пен түсініспеушілік себептерін жою жөнінде нақты іс-қимыл жасауға мүмкіндік берген бірқатар әлемдік диалог алаңдарын құруға бастама жасады. 

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу, Астана процесі шеңберінде келіссөздер ұйымдастыру, сондай-ақ Астана клубының бейресми диалог алаңын құру - Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің даусыз жетістігі болды.

Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық трансформациялардың бастамашысы және идеялық шабыттандырушысы болды. Бұл саясат өнімділігінің көрнекі көрсеткіші ширек ғасыр бұрын Елбасы ұсынған идея негізінде басталған Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) табысты жұмыс істеуі болып табылады. Бүгінгі таңда ЕАЭО өзінің алғашқы бес жылдық мерейтойын атап өтті. Одақ бірыңғай экономикалық кеңістікте тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің барынша еркін қозғалуына қол жеткізу бойынша жұмысты жалғастыруда. Бүкіл адамзат басына түскен күрделі пандемия кезінде интеграциялық құрылымдар ішіндегі мемлекетаралық байланыстарды әлсіретіп алмай, институционаларалық өзара қарым-қатынасты кеңейте түсу маңызды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үлкен Еуразияны біріктіру тұжырымдамасын кең талқылауға шығарды. Қазіргі дағдарыс құбылыстарын еңсеру тек бір державаның ғана емес, сонымен қатар ірі аймақтық бірлестіктердің де қолынан келмей жатыр. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дағдарысқа қарсы дискурсты қамтамасыз ету жөніндегі жаңа тәсілдердің қажеттілігіне бірнеше рет назар аударды, - деді ол.

Лидия Пархомчиктің айтуынша, Үлкен Еуразияны біріктіру тұжырымдамасын ұсыну арқылы Елбасы кезекті рет саяси көрегендік танытты. Қазіргі әлем серпінді идеяларға аса мұқтаж және Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған бастамасы солардың бірі екені сөзсіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы