Елбасы саясатының маңызды бағыты - жастарға қамқорлық
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы саясатының маңызды бағыты - жастарға қамқорлық деді Нұр Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек "Нұрсұлтан Назарбаев. Жауапты көшбасшылық: сабақтастық және эволюция" атты халықаралық конференцияда.
ХХ ғасырдың соңында Қазақстан тәуелсіздік алған тұста дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңіне аяқ басқан еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев терең дағдарыстан шығудың тиімді жолын тауып, алға ілгерілеудің жаңа мүмкіндігін аша білді. Қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдап, еліміздің табысты дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ете алды. Мемлекеттің мемлекеттігін анықтайтын шекараны шегендеп, нарықтық экономика негіздерін қалыптастырды. Шетелдік инвестициялар ағынын кеңейтіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін өсірді. Тағдырдың тезінен әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарымыздың ұлы көшін бастап, елдегі әлеуметтік-демографиялық жағдайды, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін ерен еңбегін аямады, - деді ол.
Оның айтуынша, жастар Елбасының көреген саясатының жемісін көріп өскен бақытты ұрпақ.
Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік жастар саясатының институционалды негіздері қаланып, өз алдына талап қоя білген жастар үшін барлық жағдай жасалуда. Елбасымыздың бастамасымен 2008 жылдан бастап Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес қызмет етуде. Жастар саясаты саласындағы заңнаманың жетілдірілуі, жастар ресурстық орталықтарының жүйеленуі, жастар ұйымдарының республикалық деңгейде кең қолдауға ие болуы – осының бәрі Елбасы бастамасымен құрылған кеңестің жетістігі, - деді ол.
Кәрібек айтқандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан жастардың өсіп-өркендеуі үшін барлық қажетті жағдайды жасай білді.
Жастардың бүгінгі күні мен келешегіне деген қамқорлық барлық уақытта да Елбасы саясатының өзегі болды. Жастарға арналған "Жастар практикасы", "Дипломмен – ауылға", "Серпін – 2050", Жастар кадрлық резерві, "Дарын" мемлекеттік сыйлығы, "Jas Project" жастар корпусын дамыту жобасы, ақысыз кәсіби-техникалық білім беру және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар оның айқын дәлелі. Осы сенімді ақтар өскелең ұрпақ қатары күннен-күнге кеңеюде. Елімізде бүгінгі күні 600-ге жуық жастар ұйымы қызмет етуде. Олардың қатарындағы "Жас Ұлан" мен "Жас Отан" іспетті ұйымдардың өзі 2 миллионға жуық жастың басын қосуда, - деді ол.Ол Тәуелсіз Қазақстан ұрпағына, Елбасы 2050 жылға дейін әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылу аманатын жүктеп отырғанын айтты.
Сондықтан да, біз, жасотандықтар, барша жастар бірлесе отырып, бұл мақсатқа қол жеткізу жолында аянбай қызмет етеміз. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен қол жеткізген тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін сақтап және көбейте отырып, ХХІ ғасырда тұрақты дамуды қамтамасыз етуге барымызды салатын боламыз, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы