Елбасы мінген ер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Момыновтар әулетін ел көлемінде демесек те, оңтүстік өңірде, соның ішінде Тараз төңірегінде танымайтын жан кемде-кем.
Әулие атада әуелгі көкпар командасын құрып, Жамбыл жерінде ұлттық өнердің ұлықталуына ерекше еңбек сіңірген Нәби Момыновты елдің бәрі таниды. Ал Нәбидің артында ізін жалғап, ата дәстүрді ұрпаққа сабақтастырып отырған атпал азамат Нұрдәулет Нәбиұлы Момыновты Қазақстан былай тұрсын, қырғыз бен өзбек, Мажарстан мен Моңғолия, Қытай мен Ресей біледі десек артық айтқандығымыз емес. Олай дейтініміз, Нұрдәулет Момынов жаттықтырған Жамбыл облысының «Әулие ата» көкпар командасы Ел чемпионатының 11 дүркін чемпионы атанса, тек биылғы – 2021 жылғы ең ірі деген 5 жарыста бірінші орыннан көрінген.
Момыновтар әулетінің жетістігін санауымыздың да өз сыры бар. Рүстем Ысқақұлы жасынан көкпарға құмар, тақымынан жақсы ат, астынан жайлы ер үзілмейтін азамат болған. Бір жолы көкпар шаба барғанда көрші Қырғыз ағайындардың шебер ершісімен танысады. «Ұста пышаққа жарымайды» дегендей қырғыз ерші пейілі түскенге жасаған ерін тегін сыйлайтын жомарт азамат екен. Жаңа ғана үйеңкіден тұтастай шауып, қанжыға-жырымын тағып, атқа ерттей салатындай етіп дайындаған ерін Рүстемге сыйлап жібереді. Ұстаның қолүздігіне Рүстем Ысқақұлы бүгінгі көкпардан өгізөлдіге алған есік пен төрдей қарагер құнанды тарту етеді.
Сол ер Момыновтар әулетіне құт болып келген еді.
Араға ғасырға жуық уақыт салса да сыны бұзылмаған әбзел бүгінде Жамбы облысы Айша бибі ауылындағы Ысқақа бабаның қарашаңырағы – Нұрдәулет Момыновтың үйінде тұр.
Бұл ерге атам Рүстем мінген. Атамнан кейін Ағабек Момынов көкем мінді. Ағабектен соң менің әкем Нәби Момыновтың тақымында жүрді. Әкем дүниеден өткен соң ер маған қалды. Әлі есімде 7 жасымда осы ермен алғашқы көкпарды шауып, лақты қалай тақымға басуды үйрендім – дейді Нұрдәулет палуан.
Бұл ердің бір ғажабы арқасы шилі болып, қанша жыл жазылмай жүрген жылқыға ерттегенде, оншақты күннің ішінде арқасы жазылып кететіндігі.
Басында сенбегемін. Мүмкін емес нәрсе ғой. Өзі жауыр, оған ер ерттеген соң одан ары асқынады емес пе?! Бірақ, осы ерді жауыр атқа ерттеп көрдім. Егер өз көзіммен көрмесем, сенбес едім. Қапталы кеткен ат, бір аптадан соң жазылды. Ол ердің – атқа жайлылығының белгісі. Ешқандай ат таңдамайды. Тайға салсаң тайға, жуан атқа ерттесең жуан атқа келе береді. Кейдір ердің арты жайлы болса да, алды ат шоқтығын қажайтын, не алды жайлы болса, арты қапталды алып тастайтын болады ғой. Мұндай ондай жоқ – дейді Нұрдәулет Момынов.
Бұл ердің тағы бір ерекшелігі – тұтас шабылғандығында. Соның арқасында ешқашан айнымайды. Әрі жеңіл, әрі жайлы. Алдыңғы қасы домалақ болғандықтан, серкені басуға да ыңғайлы.
Қанша мықты дегенмен бір ғасырға жуық қолданыста болу оңай емес қой. Соңғы кезде қаптал ағаштары желіне бастады. Қазір мұны атқа салуды қойдық. Әрі неше секілді көкпар ерлері шықты. Содан кейін бұл ерді жақсылап өңдеуден өткізіп, бабамнан қалған көз ретінде үйімнің төріне қойып қойдым – дейді көкпаршы жігіт.
Осы кезде сөз орайы келген соң, бұл ерге өзіңіздің балаңызды мінгізбейсіз бе деп сұрап қалдық.
Әкемнің, атамның жамбасы тиген қасиетті дүние ғой. Оның үстіне 2004 жылы Елбасы Жамбыл облысына келгенде осы ерге мінген болатын. Қазір де ара-тұра атқа салып тұрамын. Сондайда ұлдарым да мінеді. Олар мұндай ерді көрмеген ғой, қызық көреді. Кейде атам еріне мінемін дейтіндері де бар – дейді ұлттық спорттың жанашыры.
«Елбасы мінген ер» дегенде елең ете қалдық. Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы жылқыны жанындай жақсы көретінін білеміз. Бірақ ол кісі ел ішінде атқа сирек мінеді.
2004 жылы біздің Жамбыл облысын Бөрібай Биғожаев деген азамат басқарды. Сол кезде Елбасы біздің облысқа келген еді. Ол кісінің жұмыс тәртібінде атпен серуендеу деген болған екен. Елбасы резиденциясына «Әулие ата» көкпар командасының аттарын апардық. Негізі ол кісі жорғаға мінетін болды. Жорғаны дайындап, бүкіл тұрманымен осы ерді еріттеп бердік. Бізге қасына жақындауға болмайды. Алыста тұрдық. Елбасы жарты сағат серуендеді – дейді Нұрдәулет Нәбиұлы.
Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының атқұмарлығына, жылқыны ерекше жақсы көретініне көзім жетті дейді көкпаршы жігіт.
Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Өзім де осы ерге мінсе екен деп ырымдап едім. Ойлағанымдай болды. Жаңа айттым ғой, бізді Елбасының қасына жақындатпады деп. Анадай жерде тұрдық. Елбасы байлаулы тұрған аттардың қасына келіп, тамашалап көріп, маңдайын аттың маңдайына тақап, құшырлана иіскеді. Бір кезде бізге қарап, «Мына аттың иесі кім?» дегендей болып, ишара жасады. Біз үндемей тұра бердік. Бір кезде қолын бұлғап шақырды. Қасына барып, сәлем беріп, 5-6 минут әңгімелестік. Бәрімізбен есімімізді сұрап танысты – дейді осыдан 17 жыл бұрынғы естелікті есіне алған көкпаршы жігіт.
Тарихи жәдігерді сақтап отырған азаматтан құнды мұраны музейге өткізесіз бе деп сұрадым.
Музейге өткізбеймін, атамнан қалған көз ғой. Өткенде бір әлеуметтік желіге салсам, көп адам «сатыла ма?» деп сұрады. Сатылмайды дедім. «Неге, кез келген дүниенің құны болады ғой, сатсаңызшы?» - дейді. Қанша ақша берсе де сатпайтыным анық – дейді ата мұрасына ие болып отырған азамат.
Қазіргі кезде Елбасы тұтынған бұйымдарды жинау, оны ел тарихының құнды жәдігері ретінде сақтау жақсы үрдіске айналған. Егер Елбасы музейі осы үрдісті жалғастырып, қалап келсе, беруге дайынмын дейді жәдігер иесі.