Ақынның 176 жылдығы: Қазақстандықтар Абай күнін тойлап жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абайдың 176 жылдығын мерекелеу аясында «Елбасы медалі» бағдарламасының 50-ден астам қатысушысы Абайдың халық арасында кеңінен таралған сүйікті «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң» әндерін орындап, ақынның бейнесін жасау бойынша акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараны Қазақстан жастарының конгресі «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қорымен бірлесіп ұйымдастырды. Бұл шара Нур-Султан, Алматы және Шымкент қалаларында өтті.
Бұл іс-шара жастардың патриотизмін нығайтуға, Абай Құнанбаевтың рухани мұрасына баулуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция қазақтың ұлы ақынының шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында өткізіледі.
Осы шараға еңбегіміздің бір бөлігін қосу біз үшін үлкен мәртебе. Іс шараның басты мақсаты – ол жастарға ақынның жасаған тарихи, мәдени мұрасын жеткізу жәнеде сүйіспеншілік сезімін ояту, ұрпақтарына жеткізу, - деді шараның ұйымдастырушысы Альбина Мәжіт.
Абай Құнанбаев XIX ғасырдың аяғы − ХХ ғасырдың басында пайда болған Қазақ ұлттық зиялыларына үлкен әсер етті. Оның 170-ке жуық көптеген өлеңі, әні мен 56 аудармасы бар. Ол қазақ өлеңіне жаңа өлшемдер, рифмалар мен поэтикалық формалар енгізді.
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің шешімімен 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. 10 тамызды Абай күні деп жариялау кездейсоқ емес. Қазақ ақыны, композитор, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда дүниеге келген.