"Елбасы медалі" бағдарламасы 3 өңірде жалғасып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе, Түркістан және Маңғыстау облыстарында "Елбасы Медалі" бағдарламасы жұмысын жалғастырып жатыр.
Бұл өңірлердегі 14-29 жас аралығындағы жастар бағдарламаға қатысып, өздерін дамыта алады.
Бүгінде жобада 1500-ден аса қатысушы "Елбасы Медалі" бағдарламасының 7 бағыты бойынша яғни спорт және дене шынықтыру, кітап оқу, дарын мен дағды, ұлттық мұра, еріктілік, туристік саяхат және еңбек бойынша тәжірибесін шыңдап жатыр.
"Елбасы Медалі" бағдарламасы жастарға өзге тараптардан көмек күтпей, өз болашағын өздеріне құруға мүмкіндік береді. Ең бастысы шығармашылық, мәдени және спорт бағытындағы қабілеттерін ұштайды. Осы күнге дейін бағдарлама 20 мыңнан аста қатысушыны қамтыды, оның 6980-іне "Елбасы медалі" берілді. Қола медальді 6874 қатысушы алса, 48-і күміс медальмен марапатталды. Мемлекеттік білім гранттары 605 Елбасы медалінің иегерлеріне берілді, олардың 30%-дан астамы – ауыл мектебінің түлектері.
Біз жобаның сұранысқа ие екенін, қатысушыларды ынталандыратынын көріп отырмыз. Жоба мультипликативті әсерге ие, өйткені қатысушының жетістіктерін көрген туыстары мен достары да шабыт алады. Біз қатысушыларымызды мақтан тұтамыз. Олардың жетістіктеріне шын жүректен қуанып, жобаны одан әрі дамыту арқылы тартымды әрі қызықты етеміз, – деді "Елбасы Академиясы" КҚ директоры Асланбек Амрин.