Елбасы кубогі. Бекболат Тілеуханның Назарбаев сыйлаған аты екінші келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 5 шілде күні Елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарындап Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен бәйге түрлерінен Елбасы кубогі өткен болатын.

Бәйгенің төрт түрінен өткен сайысқа бас-аяғы жүзден астам жүйрік бақ сынады. Әуелі құнандар жарысы өтсе, одан кейін қазір біз сөз еткелі отырған 16 шақырымдық тоқ бәйге өтті. Одан кейін Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет тек қана Қостанай жылқысы қатысқан 23 шақырымдық аламан болды. Ал 40 ат шапқан 25 шақырымдық аламанда мәре сызығын 4-ақ ат кесіп, 2021 жылғы Елбасы кубогін Әлинұр Назарбаевтың Мамайқарасы қанжығалап қайтты.

Сонымен, ұйымдастырушылар «Кіші аламан» атаған 16 шақырымдық бәйгеге 37 ат тізімделген екен. Арасында небір саңлақтары бар жақын жердің желаяқтары жарыс жолына шықты. «Қазанат» атшабарының мүмкіндігіне сай, аттар 16 шақырымды 8 айналым жасап басып өтуі керек.

Соңғы айналымға дейін алдына қара салмай, оқ бойы озып келген 36-нөмірлі Нұркелді атты жүйрік, соңғы айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Алматы облысынан келген ағылшын тұқымды құнан айғырдың иесі Жапар Бекайдар, шабандозы – Нұрбек Санатбекұлы, ал бапкері – Сәбит Баянов болатын. Елдің көбі осы жүйріктен дәмілі болса да, ақырғы айналым бәйге тағдырын шешіп кетті.

Бұған дейін де аламанға қосылған 40 аттан мәре сызығын 4 ат қана кесіп өткенін айтқан едік. «Кіші аламанда» да тура сондай жағдай болды. Жарыс жолына шыққан 37 аттан 3-ақ ат көмбеден көрінді. Осыдан-ақ кешегі күннің қаншалықты ыстық болғанын бағамдай беруге болады.

Ал жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болмаса да, шіліңгір шілдеде қара үзіп келген үш атпен таныс болыңыздар.

3-орын: Қарағанды облысы Нұра ауданы Балықты көл ауылынан келген Алматы атты бес жасар жирен бие. Шабандозы – Хакімбек Қожақов, ат иесі – Қуаныш Әкімжанов, бапкері – Мақсат Түкенов.

Алматы бұл жеңісі үшін 500 мың теңге сыйақы алды. Жүлдені Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тіккен болатын.


2-орын: Қарағанды облысынан келген Бақторы атты ағылшын тұқымды бес жасар торы айғыр. Шабандозы – Байқам Асанқұлов, ат иесі – Бекболат Тілеухан, бапкері – Жамбыл Бөбекбай.

Бақторы бұл жеңісі үшін 1 миллион теңге жүлде алды. Оның 750 мыңын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тіксе, 250 мыңын «Бәйге» федерациясы берді.

Айтпақшы, жақында ғана Бекболат Тілеухан бұл жүйрікті өзіне Болат Назарбаевтың ұлы, «Бәйге» федерациясының президенті Нұрбол Назарбаевтың сыйлағанын айтқан болатын.

1-орын: Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген Талқыз атты ағылшын тұқымды байтал. Шабандозы – Серікжан Жақсылық, ат иесі – Сұлтан Жоланұлы, бапкері – Ноқатай Әділет.

Талқыз жеңісі үшін 2 миллион теңге көлемінде жүлдеге ие болды. Оның 1 миллионын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тіксе, 1 миллионын «Бәйге» федерациясы берді.

Бәйге түрлерінен Елбасы кубогін Нұр-Сұлтан қаласының және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. Сонымен қатар Нұрбол Назарбаев басқаратын "Бәйге" федерациясы аламанның бас демеушілерінің бірі борлды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы