Елбасы кітапханасында Жастар жылына арналған іс-шаралар басталды
Астана. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Елбасы кітапханасында Жастар жылына арналған "Ұлы дала жастары" атты мәдени-көрмелік іс-шаралар топтамаларының салтанатты ашылуы өтті.
"Елбасы кітапханасы Жастар жылына арналған ауқымды іс-шаралар топтамасын бастайды. Солардың қатарында "Жастар – ел тірегі" кешенді тақырыптық көрмемізді, заманауи суретшілеріміздің, мүсіншілеріміздің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріміздің, өнертанушыларымыздың шығармашылығын насихаттауға, қолдауға бағытталған байқауымызды жариялаймыз. Жас ұрпақтың тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ендеше, бүгінгі көрмеміз де, алдағы уақыттағы өнер туындылары жайлы іс- шараларымыз да, әсіресе жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып қана қоймай, ел экономикасы мен ғылымын дамытуға да күш салу керек. Олай болса, құрметті байқауға қатысушы жастар! Өнер сүйер қауым! Сіздерді бүгін бастау алған байқау жұмысына белсене қатысуға шақырамын. Шығармашылық табыстар тілеймін", - деді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
Елбасы кітапханасы мен Астана қаласының Суретшілер одағы үлкен жобаны қолға алып отыр.
"Жастар – ел тірегі" кешенді тақырыптық көрмеде Қазақстанның жастар әлеуетін іске асыратын білім, ғылым, қоғамдық қызмет, мәдениет пен спорт сынды негізгі салалар қамтылды. Елбасы кітапханасының архивтік, музейлік және кітап қорынан ұсынылған материалдар арасынан "Болашақ" президенттік бағдарламасының 25 жылдығына арналған көрменің көркін ашты.
"Мен сурет өнерімен 21 жылдан бері айналысып келемін. Былтыр өзімнің жеке көрмемнің ашылуы өтті. Жастар жылына орай ұйымдастырылған бүгінгі көрмеге "Тіршілік қамы" деген туындымды ұсындым. Мұндай көрмелер мен сияқты жас суретшілерге таптырмас тәжірибе дер едім. Өйткені осындай мәдени шараларға қатысу арқылы көп нәрсені үйреніп, шабытымызды шарықтата түсеміз", - деп ой бөлісті жас суретші Рүстем Беркінбаев.
Айта кететін жәйт, Елбасы кітапханасы Астана қаласының Суретшілер одағымен қолдауымен жас суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен өнертанушылар арасындағы ең үздік көркем шығармалар байқауын жариялады. Бұл сайыста 18 пен 35 жас аралығындағы қатысушылар "Ұлы дала тұлғалары", ал 35-тен жоғары жастағылар "Қазіргі Қазақстан жастары суретшілер көзімен" тақырыптары бойынша бақ сынасатын болады.