Елбасы кітапханасында президенттік институт қызметінің өзекті мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Назарбаев орталығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ұйымдастыруымен «Президенттік институт – мемлекеттілікті нығайтудың факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметі мәлім етті.

Отырыс қатысушылары Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің басты элементі болып табылатын президенттік институттың қалыптасуы мен қызметінің өзекті мәселелерін талқылады.


Іс-шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты.

«Президенттік институттың құрылуы тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуында шешуші рөл атқарған маңызды фактор болды. КСРО ыдырағаннан кейін мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті. Қазақстан президент лауазымын енгізген алғашқы одақтас республика болды. Президент өкілеттіктері, оны сайлаудың шарттары мен тәртібі Қазақ КСР-ы Конституциясының жаңа тарауында белгіленді. Осындай жоғары дәреже, мемлекеттік биліктің тиімді өзара әрекетін қамтамасыз етті, Мемлекет басшысына Конституцияның, адамның құқығы мен бостандығының кепілі және жоғарғы төрешісі рөлін атқаруға мүмкіндік берді», - деді профессор.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов та қатысушыларға құттықтау сөзін арнады.

«Бүгінгі күні, тәуелсіздігімді жариялағалы ширек ғасырдан соң, біз Қазақстанның барлық мемлекеттілік нышандары бар егемен және тең құқықты мемлекет болып қалыптасқанын толық сеніммен айта аламыз. Осы бір қысқа мерзім аралығында өзге елдердің эволюциялық дамуының ондаған жылы шоғырланған. Осы бір қиындығы мол жолда Президенттік институт басты шоғырландыру рөлін атқаратын болады. Мықты Парламенті бар президенттік басқарудың нысаны реформаларымыздың табыстылығының басты конституциялық кепілі болып қала бермек, - деді ол.


Отырыс барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Зарема Шәукенова «Қазақстан мемлекеттілігінің өзегі – табысты президенттік институт» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама жасау барысында, президенттік қызмет жылдарында Елбасы саяси көшбасшы, бірқатар бастамалардың авторы әрі жаршысы ретінде әлемге танылғаны туралы айтты.

Іс-шараға «Bolashak Consulting Group» консалтингтік тобының ғылыми кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев, М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-нің құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ударцев, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Еуропалық және америкалық зерттеулер орталығы жетекшісі, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-ның бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы Мұрат Лаумуллин, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары, докторанттары мен магистранттары, Нұр-Сұлтан қаласының жалпы білім беретін орта мектептерінің тарих пәні мұғалімдері қатысты.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы