Елбасы кітапханасында Конституция күніне арналған көрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ата заңымыздың 24 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел тәуелсіздігінің кепілі» көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлады кітапхананың баспасөз қызметі.

Көрменің негізін 50-ден астам тарихи құжат құрайды. Қазақстан Конституциясының қолдан түзетілген нұсқалары, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың толықтырулары бар. Елбасы кітапханасының музей және кітап қорындағы бірегей жәдігерлер, бағалы кітаптар мен жарияланымдар бұл тақырыпты аша түседі.

"Мемлекет тәуелсіздігінің құқықтық негіздерін қалаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңы (1991 жылғы 16 желтоқсан), 1993 жылы алғаш қабылданған ҚР Конституциясының құжаттары – «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы» атты ҚР президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында оқыған баяндамасы; ҚР Жоғарғы Кеңесінің Алғашқы Конституцияны қабылдауға арналған тоғызыншы сессиясында президент Н.Ә. Назарбаевтың сөйлеген сөзі; Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ҚР Алғашқы Конституциясын қабылдау жөніндегі пресс-конференцияға дайындаған материалы; «ҚР Жоғарғы Кеңесінің Х сессиясында ҚР Алғашқы Конституциясының қабылданған сәті», «Президент Н.Ә. Назарбаевтың ҚР Конституциялық сот мүшелерін қабылдауы» фотоматериалдары сынды құжаттардың экспозициядан алар орны ерекше", - делінген таратылған ақпаратта.

Экспозицияда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың (1995 жылдың сәуір айынан шілде айына дейін) белгілеген өзгертулері мен толықтырулары жазылған ҚР Конституциясы жобаларының нұсқалары; Тұңғыш Президенттің мемлекеттік мекемелер жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдарымен жиын барысында жазған жұмыс күнделігі мен жазбалары ұсынылған.

"Жалпы есеппен алғанда, 3 миллионнан астам азамат жобаның 33 мыңға жуық талқылауына қатысқан. Нәтижесінде 30 мыңдай ұсыныс пен ескерту назарға алынды. Конституцияның 55 бабына 1100-нан астам түзетулер мен қосымшалар енгізілді", - деп хабарлады кітапхананың баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы