«Елбасы – ел тірегі» атты концерт өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты Қазақ оркестрі Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы – ел тірегі» атты концерт өтті.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және Бас дирижёрі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор – Айтқали Жайымов. 

Дирижёрлар – мәдениет қайраткері – Нұрлан Бекенов, республикалық байқаулардың лауреаты – Әлішер Қасқырбай.


Бүгінгі концертіміз Тұңғыш Президентімізге арналады. Бұл концертте қазіргі заманғы композиторлардың шығармалары қойылды. Оған филармониямыздың белгілі әншілері мен күйшілері қатысты. Концертіміздің ерекшелігі – Тұңғыш Президент күніне орай өткендіктен Елбасымызға арналған туындылар қойылды. Оның ішінде Айтбай Мырзахановтың «Нұраға» атты күйін ерекше атап өткен жөн. Сол сияқты биылғы егемендігіміздің 30 жылдығына байланысты «Қазақстан», «Қазақ елі», «Айналдым елім», сол сияқты белгілі композиторлардың шығармалары орындалды, – дейді Мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты Қазақ оркестрінің дирижері Нұрлан Бекенов.

Мәдениет және өнер қайраткері Жанар Қасымова өз сөзінде халқымыздың тарихынан, қазақ елінің қалыптасу жолынан сыр шертетін шығармалар қойылғанын айрықша атап өтті.

Кеш Тәуелсіздікпен қатар келген Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай көрермен қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін ұйымдастырылды. 

Кеште Қазақ оркестрімен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Арайлым Рахымқызы, Естай Мұқашев, Анар Мұздаханова, Орынбай Дүйсен, сол сияқты мәдениет саласының үздіктері – Жанар Қасымова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары – Данияр Мұқан, Талғат Аллаберинов өнер көрсетті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы