Ел волейболшылары Азия чемпиондар лигасының жолдамасына таласады

Мале қаласында өтіп жатқан Орталық Азия чемпиондар лигасында "Тұран" волейболшы қыздары қатарынан үшінші матчта жеңіске жетті. Финалға жолдама беретін кездесуде қазақстандық команда Nepal Police Club клубын айқын басымдықпен ұтып, матчты 3:0 есебімен аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстан кубогының иегерлері турнирді Шри-Ланка өкілі "Хирдарамани" клубын 3:0 есебімен жеңуден бастаса, келесі ойында жергілікті "Вамко" командасын да дәл осындай есеппен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда да қарсыластарына бірде-бір партия бермей, 25:14, 25:13, 25:11 нәтижелерімен сенімді жеңіске жетті.

"Тұран" ойын басынан-ақ бастаманы өз қолына алып, шабуылдағы қуаттылығы мен тұрақты доп беруінің арқасында басымдық танытты. Екінші партияда "полицейлер" командасының көшбасшысы Бхандари Уша жарақат алып, алаңнан кеткеннен кейін матчтың тағдыры толықтай шешілді.

Финалда Түркістанның волейболшы қыздары ирандық "Сепахан" клубымен кездеседі. Иран командасы жартылай финалда "Хирдараманиді" 3:0 (25:12, 25:9, 25:16) есебімен жеңген.

Мале қаласындағы турнирдің жеңімпазы Азия чемпиондар лигасына жолдама алады. Бұл дода Коян қаласында (Корея) 26–30 сәуір аралығында өтеді.

Айта кетейік, өткен маусымда Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған талдықорғандық "Жетісу" биылғы маусымда азиялық кубоктық жарыстарға қатыспайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы