Ел тарихында алғаш рет 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – министр
2024 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 97,8 пайызға орындалып, 23,6 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, есепті кезеңде әлеуметтік сала мен инфрақұрылымдық жобаларға қомақты қаржы бөлінген. Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының жалақысын арттыруға 93,8 млрд теңге бағытталды. Әлеуметтік осал санаттағы 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, осы санаттағы балалардың барлығы және 1,7 млн-нан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Сонымен қатар 789 балабақша ашылып, 89 мыңнан астам жаңа орын пайда болды.
2024 жылы студенттердің шәкіртақысы екі есеге көбейіп, білім гранттарының саны 7 пайызға артты. Шетелдік ЖОО-лардың 11 филиалы ашылып, биыл тағы 10-ы ашылады деп жоспарланып отыр. Шетелдік студенттердің саны 31,5 мыңға жетті, – деді Тәкиев.
Жатақхана тапшылығын азайту үшін:
– 2024 жылы – 11 мың орындық 40 жатақхана;
– 2025 жылы – 10 500 орындық 23 жатақхана пайдалануға берілмек.
Елімізде тұрғын үй құрылысы бойынша тарихи көрсеткіш тіркелді – алғаш рет 19 млн шаршы метр баспана ел игілігіне берілді:
• 300 мыңнан астам адам газға, 200 мыңнан астам адам орталықтандырылған сумен қамтылды;
• 3,5 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылып, қайта жаңғыртылды;
• 542 км жылу желісі мен 55 жылу көзі жаңартылды, 6 500 км инженерлік желі жөнделді;
• Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын электр генерациясы іске қосылды;
• 12 мың км автожол салынды және жөнделді, нәтижесінде республикалық жолдардың 93%, жергілікті жолдардың 89%-ы нормативтік жағдайға жетті;
• 1,5 мың шақырым теміржол желісі жөндеуден өтті.
Транскаспий бағыты арқылы тасымал көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Жалпы транзит көлемі 4 есеге, ал Қытайдан келген жүк 28 есеге артты. Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында үш жаңа әуежай терминалы пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығы: 12 жылдағы ең жоғары өнімділік
Агроөнеркәсіп кешенінің өсімі – 13,7 пайыз.
Дәнді дақылдар көлемі 26,8 млн тоннаны, өнімділік 16,2 ц/га құрады – бұл соңғы 12 жылдағы рекорд.
• 505 агроөнеркәсіп субъектісі қаржыландырылды;
• 3 585 шаруашылыққа несие берілді;
• 577 мың тонна өнім сатып алынды;
• 80 су арнасы жаңартылып, олардың ұзындығы 400 км-ден асты;
• Суды үнемдеу технологияларымен қамтылған жер көлемі 470 мың гектарға жетті – бұл 1,5 есеге өсім.
Мәди Тәкиевтің дерегінше, 2024 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 24%-ға азайып, 372 млрд теңге болды.
Тиімсіздік пен орындалмаған көрсеткіштерге байланысты 73 лауазымды тұлға, соның ішінде 67 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бюджет ішінде 12 рет түзету, 1 нақтылау жүргізілді. Барлық өзгеріс депутаттар мен Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары ескеріле отырып жүзеге асты. Бюджеттік шығыстар құрылымын өзгертпей, артық және екінші кезектегі шығындар оңтайландырылды.
Үкімет былтыр отандық тауар өндірушілерге басымдық беріп, жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын ұзақ мерзімді және оффтейк келісімшарттар жасасты. Бұл көрсеткіш 2,5 есе артты.
Ұлттық жобалар аясында:
• 751 млрд теңге бөлінді;
• 105 мектеп салынып, 254 мың оқушы орны ашылды;
• 460 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді;
• 2024 жылы – тағы 195 нысан, 32 көпбейінді аудандық аурухана жаңғыртылады.
Парламент ескертулері мен ұсыныстарын Үкімет ескерді
2024 жылы 26 мемлекеттік орган 173 нысаналы индикаторға қол жеткізуді жоспарлаған. Бұл деректер комитеттер мен жұмыс топтарында толық пысықталды. Жалпы, Парламент пен Жоғары аудиторлық палата шамамен 1,5 мың ұсыныс білдірген. Енді олар арнайы Жол картасына енгізілмек.
Бұған дейін Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстанның мұнайсыз да өсіп жатқанын атап өтіп, 2024 жылы жалпы ішкі өнім 4,8 пайызға өскенін айтты. Сондай-ақ, министр республикалық бюджетке кіріс бар екенін айтып, бірақ жоспар неге толық орындалмағанының себебін түсіндірді.