ҰОК ел спортшыларымен бірігіп эксклюзивті күнтізбені жарыққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті ел спортшыларының қатысуымен спорттық күнтізбені жарыққа шығарды. Халықаралық аренада ел намысын абыройымен қорғаған спортшылар жанкүйерге басқа образда танылып, өздерін бір сәт те болса модель сезініп көрді, деп хабарлады Olympic.kz.

Olympic.kz спортсүйер қауымға түсірілім алаңында өткен қызу жұмыстың еңбегін ұсынбақшы. ҰОК қызметкерлерінің айтуынша, фототүсірілім кезіндегі ең қиыны – спортшылардың уақытын реттеп, басын қосу болған. Үнемі жарыстан босамайтын атлеттердің бос уақытын жоспарлау оңайға түспегені анық. Алайда, спорттағы ең басты ұстаным бұзылған жоқ. Түсірілім барысында спортшылардың жаттығу және жарыс кестесі толығымен сақталды. 

Күнтізбенің алғашқы парақшасын байдаркада есуден Қазақстан командасының мүшелері Андрей Ергучев, Илья Голендов пен каратеші Гузалия Гафурова ашады. Үш спортшы да былтырғы Азия чемпионатында жүлде алған. 

Мамыр айының парақшасын отандық гимнастика өкілдері әрледі. Азия құрлығындағы үздік гимнастардың бірі, сәні мен сымбаты жарасқан Алина Әділханова мен спорттық гимнастикадан құрама үздігі Милад Каримидің образдары өзара үйлесім тауып тұр. 

Таеквондошы Жансель Дениз және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит әйгілі Бонд пен оның сүйіктісі образына енді. Оларды күнтізбедегі маусым айынан таба аласыздар. Бір қызығы, таеквондошы қызды өзгелер түгілі, өз командаластары да танымай қалды. 

Шілде айы су добынан ерлер мен әйелдер командасының өкілдеріне арналды. 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Мирас Әубәкіров пен Мұрат Шәкенов және құрлық ойындарының күміс жүлдегерлері Камила Закирова мен Ажар Әлібаева жаңа ғана театрдан шыққан талғамы биік көрермен қатарында. 

«Біздің жалпы мақсатымыз бір. Барлығымыз да ірі халықаралық жүлделерді жеңіп алсақ деген оймен жүрміз. Бірақ әрбір спортшының өзге де қыры бар. Бұл жарыстар мен турнирлерде ашыла бермейтін тұсың. Осы жоба аясында өз ерекшелігіңді көрсетудің реті түсті. Мүмкін, бұл кейбіреулер үшін күтпеген жаңалық болуы мүмкін. Спорт жанкүйерлері жаттығу құралдары мен спорттық киімдердің ар жағында не тұрғанын байқайды. Сол себепті, бұл жобаға қатысуға еш ойланбастан келісім бердім. Спортшылардың қатысуымен өткен жаңа жылдық фильм есіме түсті. Сондықтан, камера алдында өзімді көрсету жағын да меңгеріп қалдым (күлді). Көпшілікке ұнайды деген сенімдемін», - деді Баландин. 

Тамыз айының парақшасынан жүзуден Азия ойындарының жүлдегерлері Әділбек Мусин мен Әділ Қасқабайды және Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинді, сондай-ақ, еліміздегі семсерлесу спортының үздігі Тамара Почекутованы көре аласыздар.

Қыркүйек айы велоспорттан Қазақстан командасының көшбасшысы, Astana Proteam шабандозы әрі құрлықтық ең үздік атлеттерінің бірі Алексей Луценко мен Олимпиада бағдардамасындағы спорттың жаңа түрі, спорттық құзға өрмелеу өкілі Әсел Марленоваға арналған. 

Қазан айының күнтізбесінен синхронды жүзу спортының жарқын өкілдері, апалы-сіңлілі Александра мен Екатерина Немич және күрестен әлем чемпионатының жүлдегері Айдос Сұлтанғали көрініс тапқан. Фототүсірілімге алғаш болып келген олар өз міндеттерін сәтті орындап шықты. 

Қараша айының күнтізбесінен волейболдан Қазақстан командасының капитаны Сана Анарқұлова мен конькимен жүгіруші Станислав Палкинді көре аласыздар. Аталған спортшылардың образы күнтізбенің көркін одан әрі аша түскені сөзсіз. 

Желтоқсан айының күнтізбесінен қысқы спорт түрлерінің өкілдерін көруіңіз заңды. Могулдан әлем чемпионы Юлия Галышева Қазақстан ҰОК жобасы үшін кроссовканы биік тақаға ауыстырды. Бір қызығы, Галышева өзінің киім гардеробынан туфли табу мүмкін еместігін айтады. Юлиямен бірге түсірілім алаңына оның Патрик атты иті де келген болатын. 

«Мені осы жобаға шақырғаны үшін қуаныштымын. Оның үстіне, түсірілім маусым қызған шағында өткеніне қарамай, барлығын ыңғайластырған ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Менің итім Патрикді де түсірілімге қосқаны қатты қуантты. Бұл жобадан соң жақсы сезімде қалдым. Енді күнтізбені асыға күтудемін», - деген Галышева қазақстандық спортқа мұндай жобалардың ауадай қажет екенін айтты. 

Галышеваның әріптесі ретінде хоккейден Қазақстан командасының капитаны Мадияр Ыбрайбековті көре аласыздар. 

2020 жылдың алғашқы үш айы да күнтізбе шығарылымына енді. Қаңтар айындағы парақшада әйелдер боксының жарық жұлдызы Назым Қызайбай мен үстел теннисінен ел үздігі Кирилл Герасименко көрініс тапқан. 

Ақпан айының күнтізбесі шорт-тректен қысқы Универсиада ойындарының жүлдегері Еркебұлан Шамұханов пен конькимен жүгіруден әлемдік жарыстарда ел намысын жалғыз өзі қорғап жүрген Екатерина Айдоваға арналды.

Күнтізбенің соңғы айы наурыздан дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов пен ат спортының өкілі Нұрила Тұрысбекованы тамашалайсыздар. 

Фототүсірілімге жалпы есебі 30 спортшы қатысты. Олардың образын жасауда  Brunello Cuccinelli, Gucci, Dolce&Gabbana, Balmain, Hugo Boss, Pal Zileri және өзге де әлемдік брендтерден киім үлгілері таңдалды. 

Айта кетелік, жақын арада спортшылардың қолтаңбасы қойылған күнтізбенің бірнеше данасы әлеуметтік желілердегі Қазақстан ҰОК парақшаларында ойнатылады. ҰОК Instagram және Facebook-тағы парақшасына жазылып, байқауға қатысып, үміткерлер эксклюзивті күнтізбені ұтып алу мүмкіндігіне ие бола алады. 








Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы