Ел қазынасына 12 трлн 427 млрд теңге кіріс кірді
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік бюджетке (трансферттерді есепке алмағанда) 12 трлн 427 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар (11 933 млрд теңге) 104,1 пайызға орындалды, - деді биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы есеп берген ведомство басшысы.
Сонымен қатар мемлекет қазынасына түскен түсім де артығымен орындалғанын алға тартты.
Республикалық бюджетке 8,4 трлн теңге шамасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті немесе жоспар 102,2 пайызға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 179 млрд теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде салықтар – 89 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер – 90 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына тиесілі, - деді министр.
Айтуынша, оған бірнеше басты факторлар әсер еткен.
Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 26 пайызға ұлғаюы; қосылған құн салығын қайтару сомасының 19 пайызға төмендеуі; үшінші елдерден импорт көлемінің 29 пайызға ұлғаюы, - дейді Ерұлан Жамаубаев.