Ел оқушылары химиядан IChO-2025 олимпиадасында 4 медаль иеленді

Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері: IChO-2025 олимпиадасында төрт медаль иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды: IChO, IPhO, IMO, IBO, IGeO, IOL, IOІ.

Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйіншілі жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі – алтын медаль!

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

  • Кирилл Ким — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Абылай Кабдулхадыр — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Еңлік Бақытбекова — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Аңсар Жақсылықов — Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:

  • Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
  • Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі - қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», - деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.

Бұл Олимпиада әлемдегі ең беделді 7 халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы