Бүгiн 2026, 00:36 Фото: әлеуметтік желіден

Ел назарындағы Ербаян Мұхтар өмірден өтті

Соңғы күндері жас сарбаздың жағдайы күрт нашарлап, ол Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген болатын. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, нәтиже болмады.

Қазақстандықтардың жүрегіне ауыр қайғы салған Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Бұл туралы оның анасы хабарлады.

Соңғы күндері жас сарбаздың жағдайы күрт нашарлап, ол Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген болатын. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, нәтиже болмады.

Ербаян Мұхтардың оқиғасы 2023 жылдың соңында әскери борышын өтеу кезінде басталды. Сол уақытта ол ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен. Әскери бөлім өкілдері сарбаздың дәретханада құлап, басын соғып алғанын мәлімдеген еді. Алайда оның туыстары бұл нұсқамен келіспей, жарақаттың мән-жайын жан-жақты тексеруді талап етті.

Кейін ем қабылдау барысында Ербаян аз уақытқа есін жиғанымен, бірнеше медициналық араласудан соң қайтадан комаға түсті. Оның өмірін сақтап қалу үшін отбасы шетелде емделуге қаражат жинап, қазақстандықтар бұл бастамаға кеңінен қолдау көрсетті. Нәтижесінде 220 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, Ербаян Түркиядағы клиникада ем қабылдады. Дегенмен уақыт өте келе оның жағдайы қайта ауырлай түсті.

Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сонымен қатар сарбаздың емделуіне қатысты медициналық қызметкерлердің әрекеттері де тексерілді.

Ел назарында болған Ербаян Мұхтардың тағдыры осылайша қайғылы аяқталды. Оның өмірі үшін күрескен отбасының қайсарлығы мен қазақстандықтардың жанашырлығы көпшіліктің жадында сақталары сөзсіз.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.