«Ел намысы» арнайы мониторинг тобы тікелей Президенттің тапсырмасымен құрылды – Смағұлов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Ел намысы» арнайы мониторинг тобының мүшесі Дидар Смағұлов Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы айтып берді.
Ел Президенті мемлекеттік басқару жүйесінде қоғамдық бақылаудың айрықша рөлін айқындап берді. Президент өзінің 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасынан бастап «әділдік» деп аталатын екінші бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда азаматтардың барынша қатысуына жағдай қарастырған. Бұл бастамаларды қолдау мақсатында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, бүгінгі таңда аймақтардағы филиалдары арқылы жұмысын белсенді жүргізіп отыр, - деді ол.
Дидар Смағұлов сонымен қатар топ өзінің қаржылық тәуелсіздігін сақтап қалғанын айтты.
Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды немесе гранттарды тағайындауларға қатыспай, қаражатты жеке ұйымдардан алып отырғанымыз, барынша объективті болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кез келген бағыт бойынша серіктестерді таңдауға мүмкіндігіміз бар. «Ел намысы» арнайы мониторинг тобы құрылғанда қуандық және белсенділік танытуға тырыстық. Өңірлердегі әріптестерім де осы топтың белсенді мүшелері, - деп айтты «Ел намысы» арнайы мониторинг тобының мүшесі.
Оның сөзінше, Президент Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдық ұйымдардың елдің тұрақты әрі жан-жақты дамуының маңызды факторы екенін атап өтті. Сондай-ақ реформалардың дайындалуы мен жүзеге асырылуына қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің ауқымды түрде жұмылдырылуын тапсырған болатын. «Ел намысы» арнайы мониторинг тобы тікелей Президенттің тапсырмасымен құрылып, жұмыс істеп жатыр.