Ел ішіндегі бірліктің өзіндік моделін қалыптастырған бірлестік
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел ішіндегі бірліктің өзіндік моделін қалыптастырған бірегей бірлестік. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Айтжан Оразбақов осындай ой айтты.
Айтжан Жұмабайұлының пікірінше, еліміздің әлемнен өз орнын табуына ынтымақтың ұйытқысы саналатын Ассамблея ұшан-теңіз үлес қосуда.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблеяның татулықты сақтаудағы маңызы туралы әрдайым айтып келеді. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздік тарихы – бейбітшілік пен келісім шежіресі, мызғымас бірлік жылнамасы. Еліміздің әлемнен өз орнын табуына ынтымақтың ұйытқысы саналатын Ассамблея ұшан-теңіз үлес қосуда», – деді Айтжан Жұмабайұлы.
Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел ішіндегі бірліктің өзіндік моделін қалыптастырған бірегей бірлестік. Еліміздегі осы этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет.
«Қазақстан – көп этносты мемлекет. ХІХ ғасырдан бастап Қазақстанға бұрынғы Ресей империясының көптеген ұлттарының өкілдері келе келді. Сөйтіп, 1897 жылы санақ мәліметтерінде Қазақстанда 60-тан астам этностың өкілдерінің тұрғандарын көреміз. Ал кеңестік заманда тағы басқа кеңестік республикаларда тұрған этностардың өкілдері Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Қазіргі таңда республикада 130-дан аса этнос өкілдері тату тұрып жатыр. КСРО ыдырағанда батыстың саяси «болжаушылары» Қазақстанды болашақ азаматтық соғыс ошағы есебінде болжаған еді, алайда еліміз Елбасының этносаралық қатынастардағы батыл және татулыққа бастар іс-шаралары арқасында посткеңестік республикалардың көбісіне тиген этносаралық қақтығыстардан Қазақстанды аман алып шықты. Осы істерде Елбасының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқы Ассамблеясының» орны мен жұмысы ерекше», – деді Айтжан Оразбақов.
КХА кафедрасы меңгерушісінің айтуынша, алдағы уақытта өтетін Ассамблеяның XXVII сессиясы отырысының өзі бұдан кейін де этносаралық қатынастардағы жұмыстар Елбасы кезіндегі жолдан таймайтындығын білдіреді.
«Қазақстанның өркендеуі мен өрлеуі, алдыңғы қатардағы мемлекеттер қатарынан орын алуы көп жағдайда этносаралық татулыққа, бірлікке, достыққа – бір бүтін Қазақстан халқына байланысты», – дейді Айтжан Жұмабайұлы.