Ел игілігіне қызмет ететін жастар іріктелетініне сенемін – Махметғали Сарыбеков

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімінде елімізді өркендетуде жастардың қозғаушы күшке ие екендігін айтып, «Президенттің кадрлық резерві» жасақталатынын мәлімдеген болатын. Бұл оның сайлауалды тұғырнамасында жеткізгеніндей, сабақтастықпен қатар, саяси басқару құрамында өзгеріс орын алатындығын аңғартады. 

Бұл туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков айтты.

«Мемлекет басшысы Twitter­дегі парақшасына экономика, ғылым, мәдениет пен спорт салаларындағы талапты, белсенді жастарды қолдап, демеуге барынша жағдай жасалатындығын жазған еді. Ол негізгі басымдығымыз ретінде кейінгі буынға арналған әлеуметтік лифтінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету екендігін атап өтіп, осы мақсатта «Президенттің кадрлық резерві» құрылатындығын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі жастардың көкейіндегісін дөп басты деп білемін», - деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Оқу орны жетекшісі Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын еске салып, «Жастар – ел тірегі» атты арнайы жобаның іске қосылғанына ризалығын танытты. «Жас кәсіпкер» деген жастардың тың бастамаларын ілгерілетуге бағытталған бағдарламаның қолға алынатыны көп мәселенің шешімін табатындығына сенім білдірді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде жас буынды жұмыспен қамтамасыз ету шаралары басталатынын мәлімдеді. Сондай-ақ олардың мақсат-мұраттарын орындауға, жеке «табыстылық өмірбаянын» жасауға барынша мүмкіндік берілетіндігін айтты. Мемлекеттік қызметтің барлық сатысында талантты жастарды әзірлеу жайын міндеттеді», - деді ректор.

М.Сарыбековтың пікірінше, бүгінгі жедел өзгерістердің уақытында ғаламдық сын-қатерлерге дер кезінде үн қату керек. Осы орайда замананың даусы, міндеті мен талабының үдесін түсінетін буынның қуатты ресурстын орнымен пайдаланғанымыз жөн. Бабаларымыз «Жас келсе – іске» деген. Сол себептен халықты билеуші құрамдағы буын алмасу процесінің орын алғаны дұрыс.

«Елімізде 3 млн 900 мыңнан астам жастар бар. Мұның ішінде мемлекеттік қызметтің ыстық-суығына төзіп жүргендердің қатары аз деуге келмейді. Мысалы, қазіргі таңда 22 мыңға тарта жастар өкілдері мемлекеттік әкімшілік қызметкер ретінде тіркелген. Сондықтан Президенттің кадрлық резервінің жасақталуын құптауға тиіспіз. Жас буынның күш-қайраты, тың идеялары, максимализмі мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет етуі керек», - деді ЖОО басшысы.

Осы уақытқа дейін Үкімет, жекелеген ведомстволар мен Nur Otan партиясының, облыстық әкімдіктердің кадр резерві жасақталғаны белгілі. Айталық, он жылдай бұрын Білім және ғылым министрлігі белсенді жастардан басқарушы кадрларды анықтап, іріктейтін, және тәрбиелейтін «Жастар кадрлық резерві» жобасын іске асырған еді. 

«Көпшілігі номенклатуралық орындаушылықтан аса алмады. Алда түзілетін «Президенттің кадрлық резерві» құрамына кіретін жастар ел игілігі жолында үлкен белестерді бағындырады деген ойдамын», - деп түйіндеді сөзін М.Сарыбеков.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы