Мәулен Әшімбаев Талдау мектебін қорытындылады
Аталған лектің түлектері осы кезеңде жүргізген зерттеу жұмыстарын қорғады.
Талдау мектебінің «SMART GOVERNANCE – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ТИІМДІ ПАРАДИГМАСЫ» тақырыбына арналған бесінші легі қорытындыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соған сәйкес бүгін аталған лектің түлектері осы кезеңде жүргізген зерттеу жұмыстарын қорғады. Баяндамалардың тақырыбы елдің ұлттық мүддесі мен Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың мәнімен тығыз байланысты екенін атап өткен жөн. Бес жыл бұрын Сенат жанындағы Сарапшылар клубының бастамасымен қолға алынып, Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен жүзеге асырылған бұл қоғамдық жоба бүгінде мамандардың әлеуетін арттыратын және талдаушылардың жаңа буынын даярлайтын, сұранысқа ие сараптамалық алаңға айналып отыр.
Биыл Taldau community қатарына қосылуға ниет білдірушілер саны мен қатысушылардың географиясы бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Байқауға 1024 өтінім келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 46 пайыз артық. Сонымен қатар елдің барлық 20 өңірі қамтылды. Осылайша жоба жүйелі ойлауға ұмтылған жас мамандар мен тәжірибелі кәсіби сарапшыларды бір алаңға біріктірді. Бұл көрсеткіштер елімізде білікті сарапшыларға деген тұрақты сұраныс қалыптасқанын білдіреді. Қоғамға күрделі үдерістер арасындағы байланыстарды көре алатын, нақты шешімдер ұсына білетін талдаушылардың жаңа буыны қажет. Мұндай мамандар Әділетті, демократиялық, әлеуметтік, инновациялық және прогрессивті Қазақстан қалыптастыру жолында маңызды рөл атқарады.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, алған білімді дұрыс пайдаланып, оны Қазақстанның игілігі жолына бағыттау аса маңызды.
Жеке даму барысында қалыптасқан барлық дағдыларды ізгі мақсаттарға жұмсау өте маңызды. Оларды елдің дамуына, қоғамның өмір сапасын жақсартуға, оң өзгерістердің бастамашысы болуға бағыттау қажет. Баршамыз бірігіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саясаты аясында топтасып, Әділетті, инновациялық әрі демократиялық Қазақстан құру ісіне қолдау көрсетуіміз керек. Яғни біздің барлық біліміміз бен кәсіби біліктілігіміз дәл осы мақсатқа қызмет етуге тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері командалық жұмыстың нәтижелеріне жоғары баға беріп, ұсынылған зерттеулердің тереңдігіне, жүйелілігіне және тәжірибелік маңызына тоқталды. Қорғалған жұмыстар урбанистика және өңірлік даму, энергетика және орнықты инфрақұрылым, экология және климат саясаты, білім беру және адам капиталын дамыту, академиялық және цифрлық білім, жастарды жұмыспен қамту, агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, цифрландыру жағдайындағы инклюзия және әлеуметтік саясат мәселелерін қамтыды. Сондай-ақ ол баяндамаларды әрі қарай жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын айтты.
Сегіз аптаға жалғасқан бағдарлама қатысушылардың теориялық білімін жетілдіріпқана қоймай, түрлі саладағы практикалық дағдыларын да дамытуға жол ашты. Жоба кәсіби байланыстарды кеңейтуге арналған бірегей алаңға айналды. Қатысушылар танымал сарапшылармен бірге жұмыс істеп, қазақстандық және халықаралық деңгейдегі жетекші мамандармен тәжірибе, идея алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Биылғы оқыту кезеңіне Қарағандыда ашылған алғашқы өңірлік Талдау мектебінің түлектері де қосылды. Өңірлер тарапынан қызығушылықтың артуын ескере отырып, Мәулен Әшімбаев жақын арада Алматы және Өскемен қалаларында да өңірлік Талдау мектебін ашу жоспарланып отырғанын айтты.
Сенат Төрағасы менторлардың күнделікті қолдауы мен бағыт-бағдары қатысушылардың сапалы талдау жасап, нақты ұсыныстар әзірлеуіне айтарлықтай оң септігін тигізгенін айтып, оларға алғыс білдірді. Биыл менторлардың қатарында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев және Ұлттық статистика бюросының командасы, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бар.
Сөз соңында Мәулен Әшімбаев қатысушыларды бағдарламаның сәтті аяқталуымен құттықтап, Талдау мектебінің түлектерімен ынтымақтастық алдағы уақытта да Парламенттің заң шығару қызметі аясында жалғаса беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Талдау мектебінде оқылған дәрістердің бейне нұсқасын жобаның ресми YouTube-арнасынан көруге болады – https://www.youtube.com/@SchoolofAnalytics.