Ел чемпионаты. Үшінші күннің нәтижесі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы Тараз қаласының маңындағы Бестөбе атшабарында Көкпар мен Аударыспақтан 2022 жылғы ел чемпионаты өтіп жатыр.
Ересектер арасында ХХІ рет жалауын желбіреткен додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 15 команда өзара мықтыны анықтап жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жоғарғы лига, «А» тобы және «В» тобы деп топтық кезеңге бөлінген додапаздар бүгін үшінші күн Әулие ата топырағын ат тұяғымен қамырша илеп жүр.
Бүгін алғашқы болып алаңға шыққан Қызылорда облысының құрамасы мен Қарағанды облысының құрамасы болды. Өздеріңіз білетіндей кешегі ойында Қызылорда құрамасы «Астананы» ұтқан, ал Қарағанды керісінше «Астанаға» есе жіберген. Чемпионат басталған күні «Тұраннан» тұралай жеңілген Сыр жігіттері бүгін Қарағандыны 10:3 есебімен жеңді.
Салым салғандар:
Қызылорда облысының құрамасы:
Дәулет Ағайдар – 1 салым
Расул Қуандық – 1 салым
Серік Мырзашев – 4 салым
Әкім Мәулен – 2 салым
Данияр Сәдуахас – 1 салым
Нұрлыбек Асқаров – 1 салым.
Қарағанды облысының құрамасы:
Елдос Байғазиев – 1 салым
Әбдуәлі Сейітжаппар – 2 салым.
Жылда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Қарағанды облысының құрамасы биыл осалдық танытып отыр. Жоғарғы лигада ойнау үшін бұл жетістік аздық ететін секілді. Алдағы уақытта бұл құрама өз қатарын мықты шабандоздармен толтырып, жаттығуларды, дайындықты күшейтеді деген сенімдеміз.
Бүгіндікке көкпар алаңына екінші боп «Астана» командасы мен «Әулие ата» командасы шықты. Екі команда да осал емес. Жамбыл жігіттерін айтпағанда, соңғы кездері «Астана» құрамы да дайындықты пысықтап, жігіттердің қатарын мықты палуандармен толықтырған. Дегенмен алаң иелері кім қожайын екенін танытып бақты. Есеп – 13:5, «Әулие атаның» мерейі әуеледі. Дегенмен, Ел чемпионатының 11 дүркін чемпионынан 5 салымды жырып әкету де мықтылықтың көрінісі деуге болады.
Салым салғандар:
«Әулие ата» командасы:
Елдос Асыл – 1 салым
Ернат Мәлімбай – 2 салым
Құлажан Тоғайбаев – 1 салым
Ернар Жарылқасын – 2 салым
Ислам Рәт – 1 салым.
Дулат Батырбеков – 1 салым
Бағылан Шырынбаев – 1 салым
Ерғалым Жақсылық – 2 салым.
«Астана» командасы:
Қазбек Амангелдинов – 2 салым
Нұрбол Қартқожақ – 1 салым
Абай Ережеп – 1 салым
Жақсылық Амалбеков – 1 салым.
Қос команданың салым санына қарап-ақ ойынның аса тартысты өткенін болжауға болады. «Әулие ата» анау-мынау командаға 5 салым беретін құрама емес. Бұған дейін чемпионаттың алғашқы күні «Нарын» командасын 7:2 есебімен ұтса, кеше түркістандықтарды 10:3-пен жеңген болатын.
Бұлардан кейін алаңға Түркістан облысының «Тұран» командасы мен Атыраудың «Нарыны» шықты. Екеуі де бұған дейін «Әулие атаның» алдында тізе бүккен болатын. Жоғарғы лигада алғашқы үштіктен көрінуге тырысқан қос команда бұл жекпе-жекте барын салды. Қалай дегенмен көкпар ойыны сүйегіне біткен «Тұран» «Нарынның» нар ұлдарын сансоқтырды. «Әулие атаға» кеткен есені Атыраудың алыптарынан қайтаруға барын салған Ғани Ахметбаевтың шәкірттері атыраулықтарды 10:4 есебімен ұтты.
Салым салғандар:
«Тұран» командасы:
Абылайхан Нышанбеков – 4 салым
Абылай Қарқабат – 2 салым
Темірхан Айтбаев – 2 салым
Айдос Ерген – 1 салым
Әзірет Седулла – 1 салым.
«Нарын» командасы:
Ынтымақ Әліпбаев – 1 салым
Алмат Жүнісов – 1 салым.
Үш күнгі доданы бақылап отырған көкпар сүйер қауым биыл «Тұран» командасы қатарға әйгілі көкпаршы, еліміздегі алғашқы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері Абылайхан Нышанбековті қатарға қосқанын байқаған болар деген ойдамыз. Абылайхан соңғы бірнеше жылдан бері ел чемпионатына қатыспаған болатын.
Тараз төріндегі көкпар алаңына төртінші болып БҚО құрамасы мен Павлодар облысының құрама командасы шықты. Екі команда да өте тартысты ойын көрсетті. Деңгейлері де, дайындығы да шамалас қос команда тіпті осы чемпионаттағы ең қызықты ойынды көрсетті деуге болады. Оны екі таймға жалғасқан додада салым саны бар болғаны 3:2 болуынан-ақ байқауға болады. Ойынның алғашқы таймында есеп ашып, салым санын 3-ке жеткізген батыс жігіттері екінші таймда да көрсеткішті өзгеріссіз ұстап тұруға барын салды. Алғашқы таймда 1 салым салып үлгерген Кереку палуандары екінші таймда да 1 салым салуға мүмкіндік алды. Кешегі ойында Ақтөбені 12:0 есебімен ұтқан Ертіс өңірінің ерлері бүгін БҚО құрамасына есе жіберді. Есеп – 3:2.
Салым салғандар:
БҚО құрамасы:
Қуатбек Тұрар – 1 салым
Әбілбек Тұрар – 1 салым
Нұрмағамбет Иманғазыұлы – 1 салым.
Павлодар облысының құрамасы:
Алмаз Кәрібаев – 1 салым
Еламан Одесхан – 1 салым.
«А» тобында тартысты ойын көрсеткен БҚО мен Павлодар облысы құрамаларынан кейін алаңға Қостанай облысының «Тобыл» командасы мен Ақтөбе облысының құрама командасы шықты. Осы орайда Ақтөбе құрамасы ешқандай легионер алмай, тек өз өңірінің жігіттерінен жасақталғанын айта кеткен жөн болар. Екі команда да бұған дейін өз шама-шарқынша ойын көрсетіп келген. Бүгінгі бәсекеде Қостанай жігіттерінің бәсі жоғары болды. Есеп – 9:1.
Салым салғандар:
«Тобыл» командасы:
Бақдәулет Асанов – 1 салым
Қобыланды Дайыров – 1 салым
Қонысбек Мырзахан – 1 салым
Оралхан Сұлтан – 5 салым
Оңғар Мырзахан – 1 салым.
Ақтөбе облысының құрамасы:
Қанат Мырзабек – 1 салым.
Ақтөбе өткен жылдары жақсы өнер көрсеткен команда. Керісінше «Тобыл» саусақпен санарлық қана салыммен қайтиып жүрген жылдары болған. Биыл жақсы ойын, жақсы нәтиже көрсетті.
«Тобыл» мен Ақтөбеден кейін көкпар алаңына СҚО құрамасы мен Алматы қаласының құрама командасы шықты. Алматылықтар кеше Жетісу жігіттеріне есе жіберген. Бүгін де тым тартысты ойын жасай алмады. Тіпті бұған дейін Алматы облысы мен Шымкент құрамасына жол берген СҚО құрамасына қарсы қауқар жасай алмады. Есеп – 8:0, жеңіс Қызылжар жігіттерінің қанжығасында.
Салым салғандар:
СҚО құрамасы:
Руслан Смағұлов – 1 салым
Мереке Дайырбаев – 2 салым
Алмас Зайдуллин – 1 салым
Нұрболат Шакенов – 1 салым
Еркебұлан Дүйсеков – 1 салым
Еркебұлан Алданов – 2 салым.
Алматы қаласының құрамасы да биыл аса мықты ойын көрсетіп жатқан жоқ. Дегенмен чемпионатқа келмей қалған ШҚО құрамасы мен Ақмола облысының құрамасынан көш ілгері екені даусыз.
Бұл екеуінен кейін көкпар алаңына шыққан екі команда бүгінгі күнгі кестені аяқтады. Кеше ғана Алматы қаласын ұтқан Алматы облысының құрамасы бүгін Шымкенттің тастақым жігіттерімен түйісті. Ойын аса тартысты өтті деуге болады. Бұған дейін жақсы ойын көрсетіп келген шымкенттіктер Жетісу жігіттерінің алдында осалдықтарын көрсетіп алды. Есеп – 8:2.
Салым салғандар:
Алматы облысының құрамасы:
Бақытжан Сайдолданов – 3 салым
Әділет Құралбаев – 1 салым
Еркебұлан Әбдіманап – 1 салым
Темірлан Сейтбек – 3 салым.
Шымкент қаласының құрамасы:
Нұрмахан Омаров – 2 салым.
Осымен топтық кезең аяқталды. Ертең палуандар да, аттар да бір күн демалады. Алаңға Аударыспақ алыптары шығатын болады.
Чемпионаттың алғашқы үш күніндегі нәтиже бойынша командалардың салым саны төмендегідей:
Жоғарғы лига:
Қызылорда облысының құрамасы – 5+4+10=19
Жамбыл облысы «Әулие ата» командасы – 7+10+13=30
Түркістан облысы «Тұран» командасы – 13+3+10=26
Атырау облысы «Нарын» командасы – 2+15+4=21
Қарағанды облысының құрамасы – 2+0+3=5
Нұр-Сұлтан қаласы «Астана» командасы – 7+3+5=15
«А» тобында:
Ақтөбе облысының құрамасы – 4+0+1=5
Маңғыстау облысы «Адай ата» командасы – 16+18=34
Қостанай облысы «Тобыл» командасы – 5+2+9=16
БҚО құрамасы – 6+3=9
Павлодар облысының құрамасы – 12+2=14
«В» тобында:
СҚО құрамасы – 2+2+8=12
Алматы облысының құрамасы – 11+13+8=32
Шымкент қаласының құрамасы – 15+10+2=27
Алматы қаласының құрамасы – 1+1+0=2
Өздеріңіз көріп отырғандай, салым саны бойынша әзірге Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы алдыңғы орында. Екінші орында Алматы облысының құрамасы тұрса, үздік үштікті «Әулие ата» командасы түйіндеп тұр. Әрине, чемпионат жеңімпазы салым санымен есептелмейтінін бәріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан да бұл көрсеткіш ештеңе шешпейді. Біз оқырмандарымызға қызықты болу үшін ғана жасап көрдік.
Айтпақшы бүгінгі күннің ең көп салым салған шабандозы – «Тобыл» командасының ойыншысы Сұлтан Оралхан. Ол бүгін 5 салым салды.
Ертең аударыспақтан мықтыларды анықтайтын боламыз.