Ел чемпионаты. Маңғыстау құрамасы қателігін түзеді

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Нұр-Сұлтан құрамасына тап келіп, есе жіберіп алған Маңғыстау облысы құрама командасы бүгін сол олқылықтың орнын толтыруға барын салды.

Шымкент қаласының құрама командасы кеше демалған болатын. Есесіне олардың бүгінгі қарсыласы Маңғыстау облысының құрама командасы «Астанаға» 3:6 есебімен ұтылған еді. «Адай ата» бүгін осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып бақты. Ойынның алғашқы айналымында есепті 2:1 мен аяқтаған ойыншылар, екінші айналымда да жақсы ойын көрсете білді.


Айналым арасындағы 10 минуттық үзіліс кезінде чемпионаттың бас төрешісі Қуан Құрамаев қос командаға ескерту жасады.


Шабандоздар, бұл ескерту барлығыңа қатысты! Ойын кезінде барлығың арқаланып, ауыздарыңнан қандай сөз шығып кететін байқамайтындарыңды білеміз. Дегенмен, мына чемпионат алаңдағы көрерменсіз өтіп жатса да, ертең телеарнаның көрермендеріне жол тартатынын ұмытпаңдар! Сондықтан, анайы сөз айтып, боқталанбай ойнаңдар! Енді біреудің аузынан анайы сөз шығатын болса, 2 минут айып беріп, «қаранарға» жіберемін, – деп ескертті ол.


Ойыншылар бұл талапты орындауға уәде берді.

Әрине, мұндай ескерту ойын ережесінде де бар. Команда жетекшілеріне де қатаң тапсырылған. Соған қарамастан ат үстінде арқаланған жігіттер атойлаймыз деп айғайлап, боқауыз сөздер айтып жіберетін кездері болады. Бұл алдағы ойыншыларға да қатысты ескертілді.


Сонымен үшінші мегаполис жігіттері мен Маңғыстау құрамасы арасындағы есеп – 2:3.

Ойынның алғашқы салымы 12 минут өткенде салынды. Есеп ашқан маңғыстаулық шабандоз – Ақбаев Жорабек есептегі үш салымды да бір өзі салды. Ал Шымкент қаласы құрамасының еншісіндегі екі салымды да бір ғана ойыншы салды – Жарылқап Елдар.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы