Ел чемпионаты. Күтпеген қарсылас

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Тараз қаласының шетіндегі Бестөбе атшабарында өтіп жатқан көкпар мен аударыспақтан ел чемпионаты жалғасуда.

Чемпионаттың бүгінгі кестесі бойынша алаңға шыққан төртінші жұп – Түркістан облысының құрама командасы «Құлагер» мен Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы.


«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендей, көкпаршыда да көкпаршы бар, тастақымы бір бөлек. Түркістан облысының командасы бұған дейін 9 рет ел чемпионы болған айтулы команда. Оның сыртында өңірде күн сайын жаппай көкпар өтіп, жігіттер шыңдалған жер. 

Дегенмен СҚО-ның жігіттері де осал болмады. Алаң айналасындағы көкпарсүйер қауымның көбі Түркістан құрамасы СҚО-ны «шайнамай жұтатынына» бәс тіккен болатын. Десе де, нәтиже ел ойлағандай болмай шықты. 


Ойынның алғашқы таймының өзінде Қызылжардың құрыш білек ұлдары есепті 6:3 есебіне жеткізді. Әрине, ойын пайдасы түркістандықтардың қанжығасында болғанымен, тартысты ойынның нәтижесінде солтүстік жігіттері оңтүстіктегі қарсыластарының адымын аштырмады.

Алайда екінші таймда Түркістан облысының құрама командасы ойын тізгінін өз қолдарына алды. 

Ойында есеп ашқан Түркістан облысының шабандозы Асланбек Сейдулла – 3, Арман Жамалбеков – 1, Нұрлыбек Асқаров – 3, Бекболат Шекербеков – 3 салым салса, Бекболат Смаил мен Бәйдібек Сабыров бір-бір салымнан салды.


Ал Түркістанға тойтарыс бере білген СҚО командасы 4 салым салды. Салым иелері – Галинуров Данияр екі салым, Зайдуллин Алмас – 1 салым салды. 

Осы ойында түркістандық танымал көкпаршы, көпшілікке «Қошқар» лақап атымен танымал Темірхан Айтбаев өз шеңберіне бір салым салып жіберді. Әрине, ол салым ойын ережесі бойынша СҚО қоржынына түскен болып есептелді.

Сонымен, екі команда арасындағы тартысты ойында есеп 12:4 болып, Түркістан құрамасы жеңіске жетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы