Ел чемпионаты. «Әулие ата» командасы биыл да жеңімпаз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тараз төрінде өтіп жатқан Көкпар мен аударыспақтан ХХІ Ел чемпионаты аяқталуға таяу.

Бұған дейін топтық кезеңде сайысқан командалар, бүгін орын үшін ойын өткізуі керек болатын. Әйтсе де, биылғы дода жылдағыдан ауырлау болып тұр. Әсіресе аттарға оңайға соғып жатқан жоқ. Соның салдарынан бірнеше команда түйісу ойындарының бірнешеуіне шықпады. 

Ал көкпар ережесіне сай, қай команда ойыннан бас тартса, қарсылас командаға 3:0 есебімен ұтылған болып есептеледі. Олай болса, шаппай бәйге алған командалардың нәтижесін ұсынайық.

Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы мен Қызылорда облысының құрамасы. Есеп – 3:0, «Әулие атаның» пайдасында.

Түркістан облысының «Тұран» командасы мен Қарағанды облысының құрамасы. Есеп – 3:0, «Тұран» командасының пайдасында.

БҚО құрамасы мен Ақтөбе облысының құрамасы. Есеп – 3:0, БҚО құрамасының пайдасында. 

Жоғарыда айтқанымыздай, қай команда ойыннан бас тартса, жеңілген болып есептеледі. Бұл үш жұптан соң ойын алаңына «А» тобынан Павлодар облысы құрамасы мен Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы шықты. Әдеттегідей Түбектің жігіттері түгелге жуық салым салды. Есеп – 7:3.

Салым салғандар:

«Адай ата» командасы:

Әбуғали Әбдіжаппаров – 4 салым

Жорабек Ақбаев – 1 салым

Александр Пупенко – 2 салым.

Павлодар облысының құрамасы:

Жалғас Боранов – 2 салым

Еркебұлан Тауасар – 1 салым.

Сонымен Жоғарғы лиганың топтық ойындағы нәтижесі бойынша:

І орын: Жамбыл облысының «Әулие ата» құрама командасы. Жамбыл жігіттері барлығы 34 салым салып, 10 салымнан айырылған екен. Жалпы ұпайы – 15.

ІІ орын: Түркістан облысының «Тұран» командасы. Оңтүстіктің жігіттері барлығы 37 салым салса да, 22 салымнан айырылып қалыпты. Жалпы ұпайы – 12.

ІІІ орын: Атырау облысының «Нарын» командасы. Жайық жігіттері барлығы 38 салым салып, 18 салымнан айырылған екен. Жалпы ұпайы – 9. Осы жерде айта кететін бір жағдай, салым саны көп, айырылған салымы аз болса да, «Нарын» жігіттері ойын барысында «Тұраннан» 10:4 болып жеңілгендіктен, екінші орынға шыға алмай қалды.

«А» тобында өнер көрсеткен 5 команданың нәтижесі төмендегідей.

І орын: Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы. Үстірттің салымгерлері барлығы 53 салым салып, 11 салымнан айырылған. Жалпы ұпайы – 12.

ІІ орын: БҚО құрамасы. Оралдың оғландары 14 салым салып, 19 салымнан айырылған екен. Жалпы ұпайы – 9.

ІІІ орын: Павлодар облысының құрамасы. Керекудің көртақым ұлдары барлығы 24 салым салып, 13 салымнан айырылған. Жалпы ұпай – 6.

Павлодар палуандарының да салым саны көп, айырылған салымы аз болса да, БҚО құрамасынан 2:3 болып ұтылуына байланысты екінші орынға шыға алмай қалды.

«В» тобында небары 4 команда ғана ойын көрсетті. 

І орын: Алматы облысының құрама командасы. Жетісудың жігіттері барлығы 32 салым салып, 5 салымнан айырылған екен. Жалпы ұпайы – 9.

ІІ орын: Шымкент қаласының құрамасы. Шымситидің шымыр жігіттері барлығы 27 салым салып, 11 салымнан айырылыпты. Жалпы ұпайы – 6.

ІІІ орын: СҚО құрама командасында. Қызылжардың қырандары барлығы 12 салым салып, 21 салымнан айырылған. Жалпы ұпайы – 3.

Осымен биылғы жылдың чемпионаты аяқталды. ХХІ рет өткен Ел чемпионатында Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы тағы да жеңімпаздар тұғырынан көрінді.

Ертең жеңімпаз командаларды марапаттау рәсімі өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы