Ел чемпионаты. Алматылықтар Қостанай құрамасынан басым түсті
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі көкпардан алғашқы ойынды өткізген Алматы қаласы құрамасы мен Қостанай облысының құрамасы аса тартысты ойын көрсетті.
Қос құрама да өз деңгейіндегі ойын шеберлігін жасай білді. Әсіресе Тобыл тарландарының қорғанысының мықтылығы тәнті етті.
Бұған дейін Қостанай облысы Алматы облысын 8:5 есебімен ұтса, Қарағанды облысына 7:6 есебімен есе жіберген болатын. Ал Алматы қаласы құрамасы 6:1 есебімен Қарағанды облысы жігіттеріне жол берсе, БҚО құрамасын 15:1 есебімен ойсырата қтқан болатын.
Бүгінгі ойында қос команда тамаша тартысты ойын көрсетті. Дегенмен оңтүстік астананың жігіттері мықтылық таныта білді. Есеп – 4:1, Алматы құрамасының пайдасында.
Бұл өқрамалардың бір-біріне деген мықты қарсылас болғанын ойын есебі алғашқы айналымның 15 минуты өткенде әрең ашылғанымен-ақ болжауға болады.
Есеп ашқан алматылық шабандоз Әбсеметов Ақтілек болатын. Ол екі салым салды. Ал Азатбек Думан мен Әлімбаев Шыңғыс бір-бір салымға қол жеткізді. Қостанай жігіттерінен бір салым салған – Сұлтан Оралхан болатын.