Ел бюджетінен әлеуметтік көмекке қанша қаражат жұмсалады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Депутаттар баласы бар отбасыға аналық капитал беру мәселесін тағы көтеріп жатыр.
Осы жылдың қаңтарында мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге бөлінген қаражаты 334,8 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 11,1%-ға көп. Яғни Қазақстан бойынша барлық шығынның 27,8% құрайды. Сәйкесінше алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 29,5% құраған екен.
Мәселен 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге мемлекет бюджетінен 3,8 трлн теңге бөлінген. Бұл жылына 9%-ға көбейгенін білдіреді.
2020 жылы қаңтар-желтоқсан айларында республикалық бюджеттің секвестрленбейтін, яғни қысқартылмайтын бағдарламалары 4,2 трлн теңге көлемінде орындалды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,4%-ға көп. Бұл ретте әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету 3,1 трлн теңгені құрады. Яғни бір жылда 9,3%-ға көбейген. Сонымен қатар бала тууға байланысты берілетін бірреттік мемлекеттік жәрдемақы 52,3 млрд теңгені, бір жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақы 31,7 млрд теңге, мүгедек баланы асырап отырған ата-ана мен асыраушыларға берілетін жәрдемақы 49,6 млрд теңгені, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы 49,1 млрд теңгені құрады.
Биыл елде 425,6 мың бала дүниеге келді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,6%-ға көп. Дүниеге келген әр балаға бір жасқа келгенше республикалық бюджеттен шамамен 6,2 мың теңге жәрдемақы төленді.
Осы орайда 2019 жылы орташа көрсеткіш шамамен 7,2 мың теңгені құрап, 2020 жылғы көрсеткіштен 13,5%-ға көп болғанын атап өткен жөн.
Қазақстанда аналық капитал мәселесінің көтеріліп жүргеніне біраз жыл болды. Еске салсақ, жақында депутаттар дүниеге келген әр балаға 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов Қазақстанда балалардың 15,6%-ы табыс деңгейі төмен отбасыда тұратынын айтты. Бұл дегеніміз - 1 миллионға жуық бала кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Депутат осыны ескере отырып, бала мен ананы қорғау мен қолдауға бағытталған барлық шараны тексеріп, саралау қажеттігін, сондай-ақ олардың нәтижелілігін бағалауды сұрады.
Айта кетейік, былтыр жыл басында бала тууға байланысты берілетін бірреттік мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 400 мыңға дейін көбейіп, аталған көрсеткіш 1,3%-ға өсті. Ал бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы алушылар саны 138,5 адамға ұлғайып, бірден көрсеткіш 10,1%-ға өсті.