Ел бойынша «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсы өтеді
Конкурсқа қатысуға кемінде 3 жыл мінсіз мемлекеттік қызмет өтілі бар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
15 сәуірде басталатын конкурсқа мемлекеттік қызметші мемлекеттік орган басшысының ұсынуы бойынша қатыса алады.
I кезең – өңірлік (облыстық) деңгей. Бұл кезеңге қатысушыларды іріктеуді өңірлік конкурстық комиссия жүргізеді. Өңірлік конкурстық комиссия Агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан құрылады. Комиссия құрамы қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ, мемлекеттік органдардың басшыларынан және басқа да тұлғалардың өкілдерін қамтиды.
Құжаттар 2023 жылғы 15-30 сәуір аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерінің электрондық пошталары арқылы қабылданады.
II кезең – республикалық деңгей. Екінші кезеңде республикалық комиссия қатысушылардың презентациясын тыңдау мақсатында 2023 жылғы 2 маусымға дейін кандидаттармен әңгімелесу өткізеді. Презентация қорытындылары бойынша республикалық комиссия онлайн дауыс беруге жолдау үшін үздік ұсыныстарды іріктейді.
Онлайн дауыс беру Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жүргізіледі және оған республиканың барлық азаматтары қатыса алады.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «23 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күні» мерекесіне орай ұйымдастырылады.