«Ел бірлігі» ордені бүгін алғаш рет тапсырылады - Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Ұлттың руханиятын дамытып, рухын көтеруге қаламгерлеріміз ерекше ықпал етеді. Бұған дейін «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы бастама көтерілді. Мен Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында осы ұсынысқа қолдау білдірдім. Құрметті атақ ширек ғасырдан соң жазушыларымызға қайта беріле бастайды. Төл әдебиетімізді дамытуға зор үлес қосқан бір топ көрнекті қаламгер бүгін «Қазақстанның Халық жазушысы» атанды. Менің тапсырмаммен «Қазақстанның Халық әртісі» атағы да қайтарылды, - деді Мемлекет басшысы.
Бұл атақ бұрынғыдай театр, кино, музыка және тағы басқа өнер саласының елімізге танымал тарландарына беріледі.
Мен көктемде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайтуға көп жылғы қажырлы еңбегімен үлес қосқан азаматтарды арнаулы орденмен марапаттау туралы тапсырма бердім. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілген соң, «Ел бірлігі» ордені бекітілді. Наградалар қатарынан лайықты орын алған бұл марапат бүгін алғаш рет тапсырылады, - деді Президент.