Ел азаматтарының банкроттығы туралы заң қабылданды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған заң мен оған ілеспе заң жобаларын Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов таныстырды.
Басты атап өтетін жағдай – арызды тек жеке тұлға – борышкер өзі ғана бастай алады. Банктер немесе кредиторлар бұл сұрақты көтере алмайды. Бұл – заңның бастапқы бабы. Заң жобасы бойынша 3 тәсіл қарастырылып отыр. Біріншісі – соттан тыс процедура. Бұған банктер мен коллекторлар, микроқаржы ұйымдарының алдында 1600 АЕК төмен борышы барлар жүгіне алады. Азаматтың атында мүлкі, 12 ай несие төлемі толық болмауы тиіс, - деді вице-министр.
Алайда азаматтар өзін банкрот деп жарияламас бұрын жан-жақты ойланған абзал. Себебі борышкердің қаржылық жағдайы, мүлкі мен міндеттемелеріне қатысты жалған ақпарат берілсе, әкімшіліктен бөлек, қылмыстық жаза да қарастырылған.
Заң жобасы Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталған төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің заманауи институтын құру мақсатында әзірленген. Борышкердің төлем қабілеттілігін соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері арқылы қалпына келтіру мүмкіндігін көздейді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бас комитетке ілеспе заң жобаларын екінші оқылымға әзірлеу тапсырылды.