Ел азаматтары қашан Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істей алады?

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы еңбек көші-қоны мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда Кореяның шетелдік жұмысшыларды заңды түрде жұмысқа тарту жүйесіне Қазақстанды қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі Сыртқы істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жауап алған еді.

Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосылу қалай жүзеге асады?

Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналасуды жеңілдету үшін Қазақстан Үкіметі Кореямен келіссөздер жүргізіп, арнайы орталықтар ашуды көздеп отыр. Бұл жүйеге қосылу үш кезеңнен тұрады:

1. Мемлекетішілік келіссөздер жүргізу.
2. Қазақстанда EPS орталығын ашу үшін объектілерді тексеру. Бүгінгі таңда Алматы және Қонаев қалаларында ашу жоспарланып отыр. 
3. Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында Қазақстанды EPS жүйесіне қосу туралы түпкілікті шешім қабылдау.

Қазіргі таңда бұл мәселе Корея Республикасының мемлекеттік органдарының қарауында, - деп жазылған Еңбек министрлігінің жауабында.

Бұл мәселе неге маңызды?

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяда 17 мың қазақстандық еңбек етеді, бірақ олардың 12 мыңы заңсыз жұмыс істеп жүр. Бұл жағдай көптеген азамат үшін қиындықтар туғызып жатқан жайы бар. Оның ішіндегі жиі кездесетін мәселелер:

• Заңсыз мигранттар тұрақты жалақы мен әлеуметтік кепілдіктерден айырылып қалады.
• Корея билігі заңсыз жұмысшыларды депортациялауы мүмкін.
• Кейбір азаматтар алаяқтардың құрбаны болып, заңсыз жұмысқа алданады.

Қазақстан билігі қандай шаралар қабылдап жатыр?

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі Корея билігімен келіссөздер жүргізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр. Яғни, қазақстандықтарға Кореядағы көші-қон заңдарын сақтау қажеттілігі туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстандықтар нені ескеруі керек?

• Оңтүстік Кореяға жұмысқа кетуді жоспарлаған азаматтар елдің көші-қон заңдарын мұқият зерделеуге тиіс.
• Кореядағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік тек жұмысшының өзіне жүктеледі.
• Кореядағы Қазақстан дипломатиялық өкілдіктері азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетеді, бірақ заң бұзушылықтарды кешірмейді.

EPS жүйесі іске қосылғаннан кейін не өзгереді?

Егер Қазақстан EPS жүйесіне қосылса, қазақстандықтар Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жүйе арқылы жұмысқа орналасқан адамдар жалақы, әлеуметтік қорғау, медициналық сақтандыру секілді құқықтарға ие бола алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы