Ел аумағында 7 күн ішінде 3329 қылмыс жасалған – ІІМ
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның апталық брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елдегі криминогендік жағдайға тоқталар болсақ. Бір апта ішінде 3329 қылмыс жасалды, оның 2069 тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 3 кісі өлтіруді, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 44 тонау және 466 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деп атап өтті ІІМ өкілі.
Сондай-ақ елдің барлық өңірінде жүзден астам әскери бөлімшеде әскерилер арасында қайғылы жағдайға жол бермеуге бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен Тергеу департаментінің басшылығы, әскери-тергеу басқармасы және оның өңірлік бөлімшелері Қарулы Күштердің, Ұлттық ұланның және Шекара қызметінің барлық бөлімдеріндегі жеке құрамды құқықтық хабардар ету, сондай-ақ тәуелсіз психологтарды тарта отырып, әскерилер арасындағы қайғылы жағдай мен өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, - деп атап өтті Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден өз әріптестерін құрметтеу, командирлердің заңды бұйрықтары мен өкімдерін орындау, сондай-ақ әскери жарғылардың талаптарын мүлтіксіз сақтау талап етіледі. Командирлер тарапынан заңсыз іс-әрекеттер орын алған жағдайда бұл туралы дереу әскери полиция немесе ІІМ әскери-тергеу органдарына хабарлау ұсынылады.
Командирлерден жас сарбаздардың заңды құқықтарын сақтау, олардың тұрмыс жағдайларын жақсартуға шаралар қабылдау және профилактикалық жұмыстарды күшейту талап етілуде, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланудың құқықтық салдары түсіндірілуде, - деді ведомство өкілі.
Еске сала кетейік, бұған Алматы әуежайында Қытай азаматы Дубайға 84 млн теңгенің алтынын алып өтпек болғаны туралы жазған болатынбыз.