"Ел амандығын тіледік". Мүфти Бас мешітте айт намазын оқыды

Бүгін – қасиетті Ораза айт мерекесі. Ораза айт мейрамы Астана бойынша таңғы сағат 07.00-де айт намазын оқумен басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Намазға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзі қатысып, жамағатты Ораза айтпен құттықтады.

Алла тағала намазымызды қабыл етіп, қателік пен кемшілігіміз болса, өзің жарылқай гөр. Жаратушы Алла тағала 30 күн оразамызды қабыл ет! Айттан айтқа аман болуды, ел-жұртымызға, халқымызға және отбасымызға Алла тағала өзің нәсіп ет! Әмин!, – деді Наурызбай қажы.

Бас мүфти су тасқынан зардап шеккен халыққа сабыр айтып, дұғада болуға шақырды.

Еліміздің көптеген өңірінде халқымыз су тасқынан зардап шегіп отыр. Осыған орай айт күндері барынша халқымыздың амандығын тілеп, көп-көп дұғада болайық. Алла тағала түрлі табиғи апаттардан сақтап, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп еткей, – деді Бас мүфти.

Бас мешіт мейрамның құрметіне орай жамағатқа құрма мен наурыз көже таратып, шағын дастархан жайды.

Біз дұғадамыз! Су тасқынан зардап шеккен отбасыларға Алла сабыр берсін. Халықтың басына мұң түспей, бақ қонсын деп тіледім. Бұл қиыншылықтан да өтерміз, – деді Астана тұрғыны Базарбек Намазбаев.

Сондай-ақ жиналған қауым Пайғамбарымыз (с.а.у) және ата-баба рухына Құран бағыштады.

Әрине, бәріміз халықтың жақсы болып кетуіне тілекшіміз. Табиғи апаттар, жер сілкінісі секілді дүниелер Алланың ескетуі ғой. Елімізде мұндай апаттардан аман-есен болсын деп дұға тіледік. Қабыл болады деген сенімдемін, – Бас мешіт шәкірті Әсел Шынтемір.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бас мүфти қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы