14 Ақпан 2026, 10:15
Фото: АР/Dolores Ochoа
Эквадор үкіметі уақытша Гуаякильге көшеді
Ел президенті мұндай шешім жергілікті тұрғындарға қажет қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін айтты.
Эквадор президенті Даниэль Нобоа жұма күні үкіметтің жергілікті мәселелерді шешу үшін бірнеше аптаға елдің оңтүстік-батысындағы Гуаякиль қаласына көшетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Xinhuа-ға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, билік өкілдері Гуаякильде болып, «күн сайын жұмыс істеп, шешімдер ұсынып, проблемаларды нақты шешумен айналысады». Алайда көшудің нақты қашан басталатынын айтпады.
Даниэль Нобоа сондай-ақ бірқатар саясаткерлерді «қалағанын істеп, эквадорлықтардың ақшасын, арманы мен мүмкіндіктерін ұрлап отыр» деп айыптады. Оның сөзінше, үкіметтің көшіп келуі жағдайды өзгертіп, жергілікті тұрғындарға қажет қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Гуаякиль — елдің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан, Эквадордағы ең ірі әрі маңызды қалалардың бірі. Бұл мегаполис соңғы уақытта елде күшейген зорлық-зомбылықтан ең көп зардап шеккен қалалардың қатарында.