ЭКҰ үшін кімдер өтініш бере алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады, тек міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша  келісімі болуы керек.

2021 жылы Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында «Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры» КЕАҚ  6,2 млрд теңге сомасына 7000 экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) циклын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Осы орайда ЭКҰ-ға кімдер қатыса алады, жолдама алу үшін не істеу керек, деген сауалдарға қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі жауап берді.

Жалпы, ЭКҰ емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған.  ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша  келісімі болуы керек. 

Сондай-ақ, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет, - делінген хабарламада. 

Мамандар мына жағдайларда ғана науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы.

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек?

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды.  Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.

МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ емшарасын жасар алдында ерлі-зайыптыларды тексеру тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ – циклдің базалық бағдарламасы қарастырылған. 

ЭКҰ жүргізу қағидалары және ілеспе іс-шаралар туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-272/2020 «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» бұйрығында жарияланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы