Енді экстремистік материалды басып шығарғандар да жазаланады
Жаңа түзетулер терроризм мен экстремизмге қарсы шараларды күшейтуге бағытталған.
Қазақстанда экстремистік және террористік сипаттағы материалдарға қатысты жауапкершілік күшейтілмек. Бұл өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер аясында қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа нормаларға сәйкес, мұндай материалдарды дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау және тарату үшін бұрыннан белгіленген жауапкершілікке қоса, енді оларды басып шығарғаны үшін де әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Түзетулер Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заң және Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заң, сондай-ақ Азаматтық процестік кодекс нормаларымен үйлестірілген.
Сонымен қатар, экстремистік және террористік материалдарды тасымалдауға тыйым салатын қосымша өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер заңнамалар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Құжатта терроризмге қарсы іс-қимыл және экстремизмнің алдын алу саласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың құзыреттері де нақтылауға ұсынылған.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары салық заңнамасында қарастырылған жағдайларда бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаларды әкімшілік жазаны орындаудан босату туралы түзетуді ұсынды.