Экстремалдық жүгіруден халықаралық жарыс аяқталды
Щучинск, BAQ.KZ тілшісі. Щучинскіде жоғарыға қарай экстремалдық жүгіруден RED BULL 400 халықаралық жарыс аяқталды.
Жарыс ерлер және әйелдер сыны, командалық сайыстан тұрды. Қатысушылар 35 градустық шаңғы трамплиннің үстінен жоғарыға жүгіріп, 400 метрді бағындыруы тиіс болды. 300 жуық адам қатысты. Оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, АҚШ, Чехиядан келген қатысушылар да бар.
«Халықаралық спорттық шара Ақмолада алғаш ұйымдастырылып отыр. Жалпы өту деңгейі мен нәтижесі жоғары. Red Bull 400 жүгіру жарысын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар. Қатысамын деушілер қарасы көп. Биыл 300 жуық адам қатысса, келер жылы бұл көрсеткішті 2 мыңға жеткізу ойда бар. Щучинскідегі шаңғы трамплиніне жарыс ұйымдастырушылары қызығушылық танытты. Бұл әлемдегі ең үлкен және соңғы үлгіде салынған база. Red Bull компаниясымен алдағы 2-3 жылда жоғарыға экстремалдық жүгіруден әлем чемпионатын өткізуді талқылап жатырмыз», - деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали.
Алдымен ерлер арасында іріктеу сыны өтіп, 50 адам финалға жолдама алды. Содан кейін командалық бәсеке мен әйелдер арасындағы сын жеңімпаздары анықталды. Ерлер арасындағы және командалық бәсекеде ресейлік қатысушылар үздік деп танылды.
«Red Bull 400 жүгіру жарысына үшінші рет қатыстым. Ресейде екі рет трамплинмен жоғарыға жүгірдім. Бірнеше жыл биатлон және шаңғы спортымен кәсіби айналыстым. Биыл географияны кеңейтіп, Қазақстандағы жарысқа қатысуды ұйғардық. Жеке және командалық сында 1-орынға ие болдық. Шара қатты ұнады. Ұйымдастыру деңгейі де жоғары. Әсіресе трамплин базасы керемет, заманауи әрі барлық жағдай жасалған. Әлемдегі ең үздік трамплин базасы деуге болады. Алдағы жылдары тұрақты түрде қатысуға тырысамыз», - деді ресейлік Петр Тихонов.
Қостанайдан арнайы келген Татьяна Нерознак экстремалдық жарысқа екінші рет қатысып, осы жолы жеңімпаз атанды.
«Жеңіл атлетикамен 12 жылдай айналысамын. Алғаш рет биыл Алматыдағы жарысқа қатысып, мәреге екінші жеттім. Бұл жолы соңғы 15 метр қиын болды, 20 км қалғандай көрінді. Бурабайда табиғат өте әдемі, маған ұнады. Трамплин жақсы. Алматыда сатылар болды, ал мұнда тік болған соң жүгіре бересің», - деді Неознак.
Барлық қатысушыға естелік медалі, ал жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табыс етілді.