Экспорттың өсуі мұнай бағасымен байланысты – Руслан Дәленов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов шикізаттық емес экспортты дамыту және ұлттық экспорттың стратегиясын іске асыру бойынша баяндама жасады.
"Жалпы ішкі өнімдегі экспорт үлесі 40,1%-ды құрайды. Бұл ретте жалпы ішкі өнімнің 0,5% өсуі экспортпен қамтамасыз етіледі", - деді Руслан Ерболатұлы.
Оның айтуынша, 2018 жылы қазақстандық тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің экспорты 68,3 млрд АҚШ долларын құрады.
"Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24,2% өсті. Өсу бірінші кезекте мұнай бағасымен байланысты", - дейді ҚР Ұлттық экономика министрі.
"Жалпы аталған елдерге жасалған экспортқа 2018 жылы Қазақстанда өңделген тауарлар экспортының 75%-ы тиесілі", - дейді ол.
Айта кетейік, аталған жиын барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биыл елімізде құрылыс бойынша артта қалған өңірлер саны сегізден төртке қысқарғанын, сондай-ақ елордада құрылыс соңғы 3 айда, яғни қаңтар-наурызда 1,9% өскенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық экономика министрі Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында азық-түлік бағасының өсуі байқалатынын айтты.