Экспортты субсидиялау бағдарламасының мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылды

Биылғы жиналған астық елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетін сақтап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің дерегінше, өткен маусымның қорытындысы бойынша астық экспорты 47 пайызға өсіп, 13,4 миллион тоннаға жеткен. Бұған экспорттық субсидиялау бағдарламасы елеулі үлес қосты. Оның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылған.

Биыл қазақстандық астық Бельгияға, Португалияға, Польшаға, Норвегияға, Ұлыбританияға, Вьетнамға, БАӘ-ге, Мароккоға, Алжирге және Мысырға жөнелтілді. Сонымен қатар Иран, Әзербайжан, Армения және Грузияға экспорт қайта жанданды.

Қазіргі таңда жаңа өнімнің 2,2 миллион тоннасы сыртқы нарыққа жөнелтілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп.

Қазақстан дәстүрлі нарықтардағы өз позициясын нығайтып қана қоймай, Еуропа мен Солтүстік Африка елдеріне жаңа экспорттық бағыттарды ашып келеді, – деп атап өтті министр.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдегендей, Қазақстанда бүгінде жаңа өнімнен шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталды. Министр 2025 жыл Қазақстан үшін астық өнімділігі бойынша рекордты жыл болғанын айтты. Сондай-ақ, ол агроөнеркәсіпке несие беру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Айдарбек Сапаров фермерлер енді жыл сайын бір кепілмен несие ала алатынын да айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы